Әрбір отбасы – мемлекетіміздің кішкентай бір бөлшегі, оның ынтымақ-бірлігі – жақсы өмірдің, қоғамның жасампаздығының алтын қазығы. Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету, кішіге ілтипат-ізет білдіру – әрбіріміздің күнделікті тыныс-тіршілігімізде бұлжымас қағида, адамгершілік, ізгілік жолы. Отбасындағы қарттардың жайлы өмірі келіндердің мойнында екені рас. Қарты бар үйдің таусылмас қазынасы бар емес пе?! Олардың өмірлік ұстанымы, ұлағатты әңгімелері, ғибратты ғұмыры ұрпаққа өлшеусіз рухани байлық екенін білеміз.
Бір әулеттің келіні ретінде менің де мойнымда парызым бар. Қазір ғасырлық мерейтойына қарай қадам басқан атам Шәкірат Дәрмағамбетұлының шаңырағының сол бұрынғы қалпын сақтау жауапкершілігі маған жүктелген.
Қолынан әлі күнге дейін қаламы түспеген атам, бүгінде денсаулығы аздап сыр берген енемнің қас-қабағына қарап отырамын. Құрметті қарттарымызға күн құрғатпай қаншама жандар дидарласуға, әңгіме-сұхбат құруға келіп-кетіп жатады. «Қырықтың бірі – Қыдыр» деген емес пе, оларға да барынша ықылас-ниетімізді танытамыз.
Күні кеше ел ағалары келіп, атам мен енемнің хал-жағдайын біліп кетті. Олар – Арал ауданы әкімінің орынбасары Нұрмұхамет Бохаев пен мәдениет үйінің басшысы Алмасбек Молжігітов. Атаммен амандасып болған соң, сырқаттанып жатқан анамызға лебізін білдірді. Бес жылдан бері төсек тартып жатса да, мойымаған анамыз айрықша алғысын айтты.
Анамыз Маржанкүл Орынбасарқызы жастайынан әкесінен жетім қалса да, анасы Злиханың қажыр-қайраты арқасында 1965-1970 жылдары педагогикалық институтты оқып, ағылшын тілі пәні мұғалімі мамандығын алып, қырық жылдай шәкірттерге білім берді. Ұстаз ретінде алғашқы еңбек жолын Шығыс Қазақстан облысының Шемонайха ауданындағы мектепте бастаған. Арал қаласындағы №213, №220 мектептерде, №2 кәсіптік-техникалық лицейде мұғалім болып, жүздеген түлекті үлкен өмірге қанаттандырды.
Ұстаздық еткен жылдары Құрмет грамоталарымен марапатталды. Жұмыс істей жүріп, үлкен әулеттің барлық шаруасын тиянақты атқарып, ұл-қыздарын тәрбиеледі. Атамыздың да қызметте алда болуына барлық жайлы жағдайды жасап отырды. Анамыздың үлгі-өнегесін келіндері жалғастырып келеді. Үлкендердің қас-қабағына қарап отырған келін болғандықтан, олардың көңіл-күйі көтерілгені үшін құрметтеп келген ел ағаларына алғысымды жеткізгенді жөн көрдім.
Қазыналы қарттарымыз аман болсын, оларға ілтипат білдірген, елеп-ескерген азаматтар халықтың алдында көшбасшы болып жүре берсін деймін.
Динара СӘПИҚЫЗЫ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<