Үндемей жүріп үлкен іс тындыратын

4

0

Өткен жаздың шілде айы. Әйтеке би кентіндегі «Қазалы су сервис» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының қызметкері Бауыржан Меңдібай. Михайлюк көшесіндегі кәріз жүйесі құды­ғындағы ақауды жөндеуге келді. Күнделікті жұмыс, әдеттегі жөндеу.

Ақауды жою кезінде әріптестері Б.Таңатаров пен А.Тұрмаханұлы құдық ішінде ауа жетпей тұншыға бастаған. Қас-қағым сәтте Бауыржан еш ойланбастан, өз өмірін қатерге тігіп, алдымен әріптестерінің аман шығуына бар күшін салды, екі бірдей адамның өмірін сақтап қалды. Бұл – нағыз ерліктің, адалдық пен адамдықтың айғағы.

Бауыржан ашық мінезді, елгезек, еңбек­сүйгіш азамат болатын. Әріптестері оны «үн­демей жүріп үлкен іс атқаратын» деп еске алады. Үйінде  асқар тау әке, асыл жар, жұмыста сенімді серік, нағыз азамат еді.

Жары Айнұр Оспанова «Бауыржан тек жұ­мыста емес, ағайын мен ел ортасында да ақылшы, беделді еді. Бәрі кеңес сұрап, сеніп жүретін. Өте сақ, қырағы, епті болатын» дейді.

Бауыржанның ерлігі ескерусіз қалған жоқ. Қазалы ауданы әкімдігі Қызылорда облысының төтенше жағдайлар департаментіне оны «Ерлігі үшін» медалімен марапаттауға ұсыныс жасады. Бұл – ер есімін ел жадында қалдыруға бағытталған ізгі бастама.

Бауыржан Меңдібайдың ерлігі – тек бір сәттік батырлық емес, өмірлік өнеге. Ол артында балаларына, туыстарына, әріптестері мен барша қауымға үлкен аманат қалдырды: адамның ең ұлы ісі – өзгенің өмірі үшін өз басын тәуекелге тігу.

Қарапайым еңбек адамының ерлігі – ба­тырлықтың ең биік шыңы.

Бауыржанның есімі ел есінде қалады. Оның рухына тағзым етіп, артында қал­ған отбасына ел болып демеу көрсету – бар­шамыздың азаматтық борышымыз.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА,

журналист