Үнді биінде философияның үні бар

445

0

БҰҰ Бас Ассамблеясы 21 маусымды Халықаралық йога күні деп жариялаған. Үндістан енгізген қарарды Бас Ассамблея құрамындағы барлық 175 мемлекет қолдаған. Осы атаулы күнге орай «Алматы-Қазақстан» үнді классикалық биі және йога орталығы» 2015 жылдан бастап жыл сайын Халықаралық йога күнін өткізіп келеді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақмарал Қайназарова жетекшілік ететін орталықтың Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетімен бірлесе әзірлеген 10-Халықаралық йога күніне арналған концерті өтті.

– Үнді классикалық биінің орындаушысы, ұстаз болғаныма биыл 26 жыл толып отыр. Үндістанда 7 жыл оқыдым. Қазақстан және Орта Азия бойынша осы саладағы алғашқы кәсіби маманмын. Үнді классикалық биінің терминологиясын, болмысын, оның екі ел арасындағы әсем, ерекше ғажайып үндестігін жазып қалдыруды мақсат тұттым. Тақырып ауқымы өте кең, мұхит сияқты. Сол жақта тұрғанда екі арманым болды. Біріншісі, Алматыда жеке би орталығын ашу, екіншісі үнді классикалық биі жайлы кітап жазу еді. Сол армандарым орындалды. Үнді классикалық биі – философиялық өнер. Ол рухани құндылықтарға бай, – дейді хореограф.

Қазақ биінің негізін қалаушы Шара Жиенқұлова әлемнің би мұрасын ерекше құмарлықпен зерттеген. Үндістанға барып келгеннен кейін репертуарына үнді стильдендірілген биін енгізді, оны дәстүрлі сари киіп орындады. А.Қайназарова осы бидің видеосын іздеп, өкінішке қарай, таба алмапты. «Достар биі» атты кітабында Шара апай мыс дискілермен орындалатын үнді халық биін суреттейді. Ол – Гуджарат штатындағы манджира гарбха халықтық биінің тәрелке тәрізді орта диаметрдегі цимбалмен орындалатын стильдендірілген нұсқасы. Шара Жиенқұлованың сари киіп түскен танымал суретінде қолын бетінің деңгейінде білек тұсында бүгіп, алападма ишарасында ұстап тұр, бұл қазақтың халық биіндегі қолдардың қошқар мүйіз ишарасына ұқсайды. Ол үнді классикалық биінің көптеген ишара белгісін шығармашылық тұрғыдан стильдендіру арқылы пайдаланған. Бидің ішкі сұлулығы мен тереңдігін көре білген және соны көрерменге жеткізуге тырысқан.

Кеште үнді биімен қатар қазақтың ұлттық билері де сахна төрінен орын алып, қызылордалық жас бишілер көрерменге жаңа туындыларын ұсынды. Ақмарал Қайназарованың шығармашылығымен қазақ-үнді ырғақтарының үндестігі хореографиясы қойылды. Шара соңында орталық директоры белсенді студенттерді арнайы марапаттап, кеш қонақтары мен көрермендерге шынайы алғысын білдірді.

Айта кетейік, сонымен бірге Студенттер сарайында А.Қайназарованың «Үндістан классикалық биі. Қазақстан және Үндістан» кітабының тұсауы кесілді. Үнді биінің хас шеберінің кітабы университет оқытушылары мен студенттері үшін пайдалы болары сөзсіз.

Дина Бөкебай

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<