Үндістанда коронавирус өршіп, қоғамның түрлі тобына таралып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews-ке сілтеме жасап.
Сенбі күні Болливуд жұлдызы, үнді киносы тарихындағы ең танымал актерлердің бірі Амитабх Баччаннан COVID-19 табылды. Кейінірек оның ұлы – актер және продюсер Абхишек Баччан коронавирусқа жасаған тесті оң нәтиже бергенін хабарлады.
Жексенбі күні оның келіні – фотомодель және актриса Айшвария Рай мен 8 жасар немересінің ауру жұқтырып алғаны белгілі болды. Олардың барлығы Мумбаи ауруханасына жатқызылды. Киножұлдыз табынушылары сүйікті актерлерінің ауру жұқтырып алғанына таңғалды. Раджеш Кедар, рикши жүргізуші: «Коронавирус Мумбаида өте тез таралып жатыр, тіпті Амитабх Баччан да жұқтырып алды».
Абдул Рауфф, Амитабх Баччанның табынушысы: «Оның фильмдерін бірнеше ұрпақ бойы тамашалап келеміз – менің атама, әкеме және маған оның фильмдері ұнайды».
Үндістан ауру жұқтыру бойынша үшінші орында – ол жақта 850 мыңнан астам адам COVID-19-ға шалдыққан.
Соңғы күндері коронавирустың таралуы рекордтық көрсеткішке жеткен – бір тәулікте 29 мың адамнан анықталған. Құрбандар саны 23 мыңға жақындады. Сарапшылардың айтуынша, эпидемия әлі өз шыңына жетпеген.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<