Үнемнен үміт көп

302

0

Күріштің күтімі бөлек. Басты талап – суды жеткілікті жеткізу. Сырдария өзенінің деңгейі түскелі бұл талапты орындау да оңайға соқпай отыр. Оның үстіне өзге дақылға қарағанда Сыр маржанына суды еселеп құймай, өнімді бітік алу қиын. Сондықтан жыл өткен сайын барды ұқсатып, суды ысырап етпеу үшін егіс алқаптарын автоматтандыру процесі қарқын алған.

Өңірде ауқымды қадам Жалағаш ауданындағы «Ер-Әлі» шаруа қожалығында қолға алынған. Мұнда аустралиялық Rubicon компаниясы суару жүйесін автоматтандыруға арналған бірнеше құрылғы орнатып, егіс алқаптарын сумен қамтамасыз етуде. Алғашқы нәтиже де жаман емес. Шаруа қожалығында 1 жыл ішінде 10 мың текше метрге дейін су үнемделген. Алдағы уақытта егіс алқабына толықтай жаңа технологияны қолданылмақ. Автоматтандырылған құрылғының тиімді тұстары дүйсенбі күні Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдаримовтың облысқа сапары барысында таныстырылды.

2022 жылы қолға алынған жоба тиімділігін көрсетуде. Шетелдік компания ұсынған құрылғы бірнеше маман атқаратын жұмысты бірнше минутта жасауға мүмкіндік береді. Мехонизмі де қарапайым. Арнайы басқару бағдарламасымен қамтылған құрылғы егістіктің бастау арнасына орнатылады. Кейін егістікке келетін суды атыздарға тең бөліп, автоматты түрде есепке алады.

Айта кетерлігі, құрылғы арнайы бағдарламалық жүйе арқылы жұмыс істейді. Бағдарлама арқылы суару мезгілі, су деңгейі секілді қызметті қашықтан басқаруға болады.

– Rubicon компаниясының автоматтандырылған жапқышы жалпы ауданы 6,3 гектарды құрайтын 2 күріш чегіне орнатылды. Ол су беру және оны есептеу үшін қолданылуда. Чектердегі суды бақылау үшін қосымша BayDrive атты қондырғы, ауа райын болжау станциясы, су деңгейінің және топырақ ылғалдылығының сезбектерін әкелдік. Бағдарламалық жабдық әр алқапта су деңгейін автоматты түрде сақтап тұруға әрі ауа-райы мен алқап деректерді жинауға көмектеседі, – дейді Rubicon компаниясының Қазақстандағы өкілі Ержан Төлегенов.

Автоматты жүйе бұған дейін су шығынын өлшеуге ғана қолданылса, биыл сапалы суару арқылы өнімділікті арттыруға мүмкіндік берген. Мәселен, өткен жылы қондырғының көмегімен 1 гектар алқапқа 27 мың текше метр су жіберілсе, қазір автоматты жүйе арқылы небәрі 17 мың текше метр су пайдаланылуда. Нәтижесінде 10 мың текше метр үнемделді. Демек жаңа технологияны барлық диқанға қолжетімді жағдай туғызса, қуаңшылықтың алдын алуға мүмкіндік тумақ.

– Су – шаруалардың негізгі қажеттілігі. Оны үнемдеу, дұрыс қолдану басты мақсатымыз. Шаруашылыққа орнатылған Rubicon компаниясының құрылғысы тіршілік нәрін үнемдеудің ең оңтайлы тәсілі. Құрылғы толығымен жаңа технологияға негізделген. Артық жарық пен энергияны да қажет етпейді. Министрлік үшін мұндай құрылғылардың көбеюі маңызды. Сондықтан алдағы уақытты суды үнемдеу үшін құрылғы санын арттыратын боламыз, – деді вице-министр Аслан Абдаримов.

Орайы келгенде кешенді құрылғыны толық тарқатайық. Компания аймаққа екі түрлі технологияны жеткізген. Алғашқысы – SlipMeter. Бұл күріш чектерін суару үшін жапқыштарды ашу-жабу кезінде су шығынын автоматты түрде өзгертуге арналған. Тіпті, жұмсалатын су көлемін үздіксіз бақылауға да жол ашуда. Келесі – Baydrive. Мамандардың айтуынша, құрылғының көмегімен алқаптағы су ағынын бақылауға болады. Күріш алқаптарына сезбектер орнатылып, сол арқылы су деңгейі бақыланады. Ал ауа райы станциясы жауын-шашын көлемін, температураны, жел жылдамдығын, булану деңгейін есептеуге арналған.

Ең бастысы, мұндағы ақуал күнделікті электронды есеп жинақталады. Сол арқылы «күніне қанша су пайдаланылды?», «күріштегі су көлемі қандай?» деген сауалдарға жауап бере алады. Мұндай мониторингтік хабарламаны кез келген жерде, кез келген уақытта ғаламтор арқылы көруге болады.

Айта кетейік, құрылғыны қолмен де, қашықтан да басқару мүмкіндігі бар. Қашықтан басқаруға арналған арнайы мобильді қосымша мен сайт үздіксіз жұмыс істейді, яғни, Қызылордадағы күріш алқабы туралы толық ақпаратқа қол жеткізген маман аймаққа келмей-ақ құрылғыны қашықтан басқара алады деген сөз. Бұл уақыт үнемдеп, шығынды азайтары анық.

Қуанарлығы, жаңа технологияның тиімділігін арттыруға жергілікті билік те мүдделі. Қазіргі таңда аталған компаниямен тығыз байланыс орнатып, су үнемдеу бағытында айтарлықтай жетістікке жеткен. Соның бірі – аймақ егіс алқаптарының 60 пайызын сумен қамтамасыз етіп отырған «Шіркейлі» арнасына технология игілігін әкелу. Нақтырақ айтсақ, іргелі арна толығымен автоматтандырылады. Алғашқы кезеңде «Шіркейлі» арнасына 285 қондырғы орнату жоспарланып отыр. Ауқымды жоба жыл соңына дейін қолға алынады.

– Су ресурстарын қадағалау арқылы суды үнемдеуге, ауылшаруашылық өндірісін ұлғайтуға, жерлердің тұздануын төмендетуге болады. Осы мақсатта «Шіркейлі» арнасын жаңғырту жобасы қолға алынды. Жоба аясында бас арна мен тоғандарда 285 жаңа автоматты жапқыш орнату көзделген. Құрылғыларға жаһандық байланыс жүйесі мен бағдарламалық жабдық орнатылатын болады. Сондай-ақ жергілікті шаруаларға озық технология игілігін таныстыру үшін Күріш шаруашылығы институтымен  бірлесе халықаралық сарапшылар дәрісін ұйымдастыру ойда бар, – деді аталған компания өкілі Ержан Төлегенов.

Маманның сөзінше, осы жобаға қосымша 3 шаруа қожалығындағы алқаптарды автоматтандыру ісі қолға алынатын болады. Оған қоса күрішке оңтайлы су деңгейін сақтау үшін мониторинг сезбектері мен бақылау жабдығының саны көбейеді деген болжам бар.

– Суды үнемдеу облыс диқандары үшін маңызды. Ал үнемдеудің жолы жаңа технологияны қолданысқа енгізу деп ойлаймын. Осы мақсатта Rubicon компаниясымен бірлесіп жұмыс істеудеміз. Өзге шаруа қожалықтарының басшылары да аталған құрылғыны немесе соған балама технологияны қолдану қажет екені сөзсіз. Себебі су тапшылығын болдырмау, келешек экологияны ойлау әрбірімізге артылған міндет екенін ұмытпауымыз керек, – деді «Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжанов.

Айта кетейік, облыстағы диқандардың басын қосып, жаңа технологияны таныстыруға мұрындық болған –Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты. Институттың басқарма төреғасының орынбасары Жанұзақ Байманов аталған жобаның мән-маңызына тоқталып, шара барысында ұйымдастырылған семинар туралы ой бөлісті.

– Аталған семинар қазірге таңда өте өзекті. Себебі суды үніемдеу, суаруды басқару, оны автоматтандыру заман талабына айналып отыр. Оның үстіне су тапшылығына тап болатын оңтүстік өңірлер бұл тақырыпқа бей-жай қарамайтыны анық. Сондықтан біздің институт «Ер-Әлі» шаруа қожалығымен бірлесіп жаңа технологияны қолға алып, оны өзге диқандарға таныстыруды көздеді. Семинарға қатысқан шаруа қожалықтарының өкілдері белсенділік танытып, мәселенің мәнін түсінді деп ойлаймын. Әсіресе, болашақта су үнемдеу технологиясы басты меженің бірі болатыны, субсидия беру үшін де осы мәндес технологияны қолдану міндеттелетініне көз жетті, – деді Жанұзақ Байманов.

Ерсін ШАМШАДИН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<