сурет ашық дереккөзден алынды
Алматыда болған жер сілкінісі жұрттың зәресін алғаны анық. 5,5 балдық дүмпу қала халқын есеңгіретіп тастады. Жер сілкінісі негізі Қырғыз Республикасының аумағында болған, дүмпуі Қазақстан жеріне дейін жетіпті. Әйтсе де Алматының сейсмикалық аумақта орналасқаны жасырын емес. Сондықтан қауіптенер себеп бар. Жауаптылардың уақытында дабыл қақпағанының астарында үлкен шикілік жатыр. Ал «зілзала қайталануы мүмкін бе?» деген сауал елді әлі мазалайды.
«Жалған ақпар» шындыққа айналған күн
Оқиғаның қалай өрбігені туралы айтып жатпаймыз, бастысы – дүмпудің жай-жапсары. Бір қызығы, қаңтардың басында әлеуметтік желілерде «Алматыда үлкен жер сілкінісі болады» деген ақпарат тарады. Бірақ көп ұзамай жергілікті билік пен сейсмолог мамандар деректің жалған екенін, алдағы уақытта ешқандай дүмпулер болмайтынын алға тартқан еді. Міне, күмәннің бәрі осы тұстан басталады. Әрине, Алматыда маусым сайын аса күшті сезілмейтін дүмпулер болып тұрады. Алайда бұл жолғысын елеусіз қалдыру мүмкін емес.
«Неге алдын ала дабыл соғылмады?» деген сауалға жауаптылар «халықты қорқытып алмау үшін» деген сарында жауап беріпті. Рас-өтірігін кім білсін? Былтыр Түркияда жер сілкінгенде елдегі мамандар бұндай жағдай бізде бола қалса тастүйін дайын екендерін айтып, жар салған. Бірақ бір деректі ұмытқан сыңайлы. 2023 жылы Сейсмология институты зерттеу жүргізіп, Алматы қаласындағы тұрғын үйлер мен нысандардың 35 пайызы жер сілкінісіне төзбейтінін анықтаған. Әсіресе қаланың көбісін алып жатқан «хрущевка» саналатын үйлер толық бұзылуы керегін мәлімдеген. Соның бәрі ұмытылған сынды.
Зәрені алар жайт көп
Жер сілкінісінің уақыты мен қуатын анықтау мүмкін емесі жайлы айтылып қалады. Әйткенмен мамандардың біліктілігіне қатысты жайт көп. Осы тұста былтыр Түркиядағы зілзалаға қатысты бір дерек айтайық, Таяу Шығыстың бірқатар аймағында қуатты жер сілкінісі болуы мүмкін екенін оның алдында ғалымдар жиі айтатын. Өйткені жер қыртысының Анадолы тектоникалық тақтасы дейтін бөлігінде Түркия орналасқан. География ғылымында жердің беткі қабаты әдетте түрлі литосфералық тақтаға бөлінеді. Ал Анадолы тектоникалық тақтасына солтүстіктен Еуразия, оңтүстіктен Африка және Арабия тақтасы қысым түсіретіндіктен, жер қыртысының осынау бөлігі батысқа қарай жылына 2-2,5 см жылжиды. Ал мұндай аймақтарда жер сілкінісі жиі болады. Ғалымдар мұны біледі және білгендіктен, осы аймақтарда жер сілкінісі болуы мүмкін деп айтады. Мәселен, Түркиядағы зілзаладан 3 күн бұрын голландиялық ғалым Франк Хугербитс Тwitter-де (қазір X желісі) Түркия мен Сирия, Иордания мен Ливан жерінде қуаты 7,5 балл жер сілкінісі болатынын жазған. Алайда ешкім қамданбады. Алматыдағы оқиғаның да өрбуі осыған сәл ұқсас, ғалымдар текке жар сала бермейді. Ал «халықты үркітіп алмайық» деп дабыл қақпау – бекершілік.
Төтенше жағдайлар министрлігі Сейсмология институтында қызмет атқарған Нұрсәрсен Өзбековтің айтуынша, еліміздің өнеркәсіптік әлеуетінің 40 пайызы оңтүстік-шығыс аймақтарда орналасқан, сондықтан бұл аймақтар сейсмикалық белсенді саналады. Сәйкесінше, қауіп басым. Сейсмология институтының мәліметі бойынша, 2018-2023 жылдар арасында Қазақстан аумағында 40 мыңға жуық жер сілкінісі тіркелген екен.
– 2022 жылдың өзінде 6900 түрлі деңгейдегі жерасты дүмпуі болған. Институт мамандары өз тілінде бұл оқиғаларды геологиялық аймақтың сейсмикалық фоны немесе сейсмикалық өмірі деп айтады. Осы 5 жыл ішіндегі жерасты дүмпулерінің 66-сын адамдар сезген, – дейді Н.Өзбеков.
Маман айтқан сілкіністердің ең қуаттыларына тоқталсақ. Қазақстанда да соңғы 30 жылдың ішінде ірілі-ұсақты жер сілкіністері тіркелді. 1990 жылдың маусымында Шығыс Қазақстан облысында 8 балдық «Зайсан сілкінісі» болды. Апат салдарынан 8874 үй қирап, 36 мың адам баспанасыз қалды. Ресми дерекке сүйенсек, оқиғадан кейін бір ғана сәби шетінеген. Ал 2003 жылдың 23 мамырындағы Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданындағы жер сілкінісінде 3 адам қаза болды. Қуаты 6,5-7 балл деп бағаланған зілзала салдарынан аудандағы 16 жалпы білім беретін мектеп, 12 емдеу мекемесі, 23 әкімдік ғимараты және 7502 үй қирады.
Кешегі сілкіністе Алматыдағы кей ғимараттардың қабырғасы жарылғанын білеміз. Бұл мәселе бойынша құрылыс нормаларын қатаңдату әрдайым айтылып келе жатқанымен, оны жауаптылар ескере бермейді. Әсіресе, қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыстарына рұқсат беруде дәл осы фактордың көзден таса қалып жатқаны өкінішті. Былтыр жер сілкінісі жөнінде ақпарат жинап жүргенімізде Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының мәліметтеріне ұшырасып, үрейленіп қалғанымыз бар. Дерекке қарасақ, Алматы қаласы 9-10 балдық сейсмикалық қауіпте орналасқан. Әлемдегі жаңа технологияларды ескере отырып, институт қаладағы бірқатар нормативтік құжатқа өзгерістер енгізген. Осыған дейін қаланың әлеуметтік нысандары бойынша 2-3 қабаттан артық ғимарат салуға рұқсат берілмеген. Қайта талдау, ғылыми жұмыстарынан кейін оны 5 қабатқа дейін салуға болады деген шешім шығыпты. Бұл тек 9 балдық сейсмикалық аймақтарға қатысты. Ал 10 балдық жер сілкінісі болатын аймақ деп болжанатын жерлерде әлеуметтік нысандарды 3 қабаттан асыруға болмайды. Әйтсе де бұл нормаға құлақ асып жатқандар сирек. 20-30 қабаттық тұрғын үйлерден көз сүрінеді.
Қай аймақтар қауіп үстінде?
Жалпы Қазақстан жерінің 40 пайызы сейсмикалық аймақ саналады. Жер сілкінісі қаупі жоғары өңірлерде 7 миллионнан астам адам тұрып жатыр. Сондай-ақ ол аймақтарда елдің өнеркәсіптік әлеуетінің 50 пайызы шоғырланған, 400-ден астам қала мен елді мекен орналасқан. Бүгінде Шығыс Қазақстанда 8 балға дейін, ал оңтүстік өңірлерде 8-9 балға дейін, орталық және Батыс Қазақстанда 6-7 балдық жер сілкінісі болуы ықтимал аудандар бар. Алматы және Шымкент қалалары, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Алматы, Абай және Жетісу облыстарының аумақтарында сейсмикалық қауіп жоғары. Қазақстанда сейсмология саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарында осының бәрі жазылған.
Былтыр эколог Мэлс Елеусізов Алматыны 12 балдық жер сілкінісі күтіп тұрғанын айтқан еді. Рас, қуатты зілзала Алматыда бұрын болған. 1912 жылы үлкен сілкініс болды. Сол кезде 28 панфиловшылар паркіндегі орыстардың шіркеуі ғана аман қалған екен. Ал Алматының барлық ғимараты қираған. Ғылыми негізде енді кез келген уақытта болуы мүмкін екенін ешкім жасырмайды. Бір зер салары, тарих көрсеткендей, әр 100 жылда қуатты жер сілкіністері қайталанып тұрады.
– Жер сілкінісі 12 балға баратын Индонезия, Жапония, Курил аралдары, Чили елдерінен кейін бесінші біз. Физикада «инерция покоя» деген ұғым бар. Ол дегеніңіз сейсмикалық толқын төменгі жақта болғанда жоғары жақ толық сақталады. Қазір салынып жатқан үйлерде ешқандай сапа жоқ. Үкімет бұл мәселені шеше алмайды. Біз осыған байланысты ұсыныс жасап, көрсеттік. Трубадан жасалған шкаф болады, электромагнитті толқын сейсмикалық толқыннан 10 секунд бұрын келеді. Сол кезде қоңырау шырылдағанда 5-10 секундта соның ішіне кіріп отыруға болады. Оның ішіне су, құжат, киім, бағалы бұйымдарды сақтауға болады. Осы мәселеден қарасақ, Алматы тұруға қолайсыздау қала, – дейді М.Елеусізов.
Діріл қаққан дүние
Әлем тарихындағы кейінгі жарты ғасырда болған жойқын жер сілкіністеріне назар аударсаңыз, бұл апаттың қаншалықты қауіпті екенін аңғара аласыз. Сол үшін өткенге көз салмай өтуге де болмайды. 1976 жыл 28 шілдеде тарихтағы ең жойқын апаттың бірі тіркелді, зілзаланың магнитудасы 8,2 балға жетті. Салдарынан 5,3 миллионға жуық үй қирады. Ресми дерекке сүйенсек, Таншаньдағы табиғи апат 242 мың 769 адамның өмірін жалмаған. Әйтсе де, бейресми дереккөздері құрбандар санының 655 мыңнан асып кеткенін алға тартады. Оқиға куәгерлері алғашқы дүмпудің өзінен қаладағы ғимараттардың 90 пайызы қирағанын айтады. Тіпті жер қақ айырылғанда оған жолаушылар пойызының түсіп кеткені туралы да дерек бар. 2010 жылы Қытай режиссері Фэн Сяога Таншань оқиғасы негізінде фильм түсірді.
Ал 1988 жылдың 7 желтоқсаны Армения тарихында ең қаралы күн ретінде жазылып қалды. Себебі дәл осы күні жергілікті уақыт бойынша 11.41-де алапат жер сілкінісі болды. Спитак қаласындағы апаттың қуаты 10 балға дейін жеткен. Бірнеше дүркін қайталанған дүмпуден Спитак қаласы жермен-жексен болды. Ленинакан (қазіргі Гюмри), Кировакан (қазіргі Ванадзор) және Степанаван қалалары да күйреді. Ленинкандағы үйлердің 80 пайызы, ал Кировакандағы құрылыстың жартысы үйіндіге айналды. Мамандар Армения аумағының 40 пайызын шайқаған дүмпудің қуатын 1945 жылы Хиросимо қаласына тасталған атом бомбасынан 10 есе мықты деп бағалады. Осыдан кейін-ақ Армениядағы жер сілкінісі құрбандарының саны аз болмағанын түсіне беру керек. Ресми дерек бойынша, зілзала салдарынан 25 мың адам қаза болып, 140 мың адам мүгедектердің қатарын толықтырды.
Былтыр ғана зор нәубетті бастан өткерген Түркияда осыдан ширек ғасыр бұрын да алапат жер сілкінісі болған. Бұл оқиға тарихта Измит жер сілкінісі ретінде қалды. 1999 жылдың 17 тамызында жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 3.02-де 7,6 балдық жойқын зілзала болды. Апат ошағы 17 шақырым тереңдікте орналасқан. Зілзаланың қуатты болғаны соншалық, Мәрмәр теңізі тулап, цунами 3 метрге дейін көтерілді. Ресми дереккөздер Измит қаласындағы жер сілкінісі кезінде 17 мың 217 адам қайтыс болып, 43 мың 959 адам жарақат алғанын хабарлады. Әйтсе де, жұрт арасында зілзала құрбандары 40 мыңға жуықтаған деген де дерек айтылады. Өйткені түрлі жұқпалы аурудың таралып кетпеуі үшін мәйіттерді асығыс бір қабірге жерлеген. Сол жолы апаттан 120 мыңға жуық ғимарат түгелдей қирап, шығынның жалпы көлемі 25 миллиард долларға тең деп бағаланды.
Жапонияда 2011 жылдың 11 наурызында адамзат тарихындағы ең қуатты зілзала тіркелді. Күншығыс еліндегі жер сілкінісінің қуаты Рихтер шкаласы бойынша 8,9 балға дейін жетті. Биіктігі 10 метр болатын толқын Хонсю аралына дейін, ал 6 метрлік толқын Хоккайдо аралына дейін жеткен. Табиғи апат кезінде 15,9 мың адам қаза тауып, 2,5 мың адам із-түзсіз жоғалды. Адамзат қанша дамуға ұмтылса да табиғи құбылыстардың жанында қауқарсыз екенін көрсетіп келеді.
Мадияр Төлеу,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<