Жаңақорған ауданында «Аталар жолы – иманның кені, тәрбие тірегі, білімнің қайнар бұлағы» атты танымдық конференция өтті. Бұл іс-шара бүкіл өмірін адамдар жүрегіне Алланың хақ жолын егіп, елді бірлікке, бейбітшілікке, туралық пен тазалыққа үндеумен өткен Үш ата – Әл-Әмин баб, Шаһ бүзірік және Шәмші Бүзірік бабаларға арналды.
Дүйім жұрт тарихи «Өзгент» қалашығының дәл іргесінде жатқан «Үш ата» кесенесінің басында берілген асқа жиналып, бабалар рухына арнап жайылған дастарқанда бас қосты. Рухани іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген баба ұрпақтары мен дін тарихын зерттеуші ғалымдар және жергілікті тұрғындар қатысты.
Арнайы тақырыпта өткен танымдық іс-шарада баяндама жасаған филология ғылымдарының кандидаты, шығыстанушы Нұрлан Мәнсұров «Мәулене Шәмші Бүзірік бабаның тұлғалық сипаты» жөнінде ой тербесе, тарихшы, шежіреші Сейтомар Саттаров «Шах-Бүзірік ата ұрпақтарының қазақ тарихындағы орны» туралы әңгімеледі. Қорқыт ата атындағы университеттің профессоры Қазбай Құдайбергенұлы Әл-Әмин баб атаның тарихнамасы жөнінде баяндап берді.
– Біздің мемлекетімізде мерейімізді асырған шаралар қатарында дінге деген шынайы құрметтің орны бөлек. Кеше, астанада өткен Әлемдік дәстүрлі дін көшбасшыларының 7 съезінде Президент елдің өсіп-өркендеуі, хал-ахуалының жақсы болуы, қарама-қайшылыққа жол берілмеуі жүздеген ұлт, дін өкілдерінің қарым-қатынасына, татулығына, түсіністігіне байланысты болатынын айрықша айтып өткен еді. «Алауыз елден бақыт, несібе, дәулет айналып өтеді» деген шығыстың даналығы бар. Осы ретте алқалы елдің ауызбірлігін арттыруда бүгінгідей шаралардың мән-мазмұны бөлек, – деді қоғам қайраткері Ибрагим Әбибуллаев.
Орайы келгенде айта кетейік, «Үш ата» көне Өзгент жерінде XIV-ХV ғасырда өмір сүрген. Осы үш бабаға арналған үш күмбезді кесене құрылысы 1997 жылы жергілікті халықтың асарлатқан көмегімен салынған. Ал 2019 жылы «Үш ата» кесенесіне апаратын жол бойындағы үлкен коллектордың үстіне көпір салынып, кесене маңайы ретке келтіріліп, қажетті құрылыстар жүргізілді. Бұған қоса, 4,5 шақырым жерге электр желісі тартылды. «СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<