– Саған бұл медальді кім берді? – дедік әдепкі кездесуде.
– Үкімет берді, – деді ол да қиналмастан. Кішкентай қыздың құлағында ата-анасы мен туыстары айтқан «Саған медальді Үкімет тақты» деген сөз қалған сияқты.
Медаль демекші, бұл оқиға қазан айының ортасында болған еді. Жалағаштың «Аққұмында» тұратын кішкентай Мерей көзсіз ерлігімен көпке батыр атанды. Екінші сыныпқа енді қадам басқан қыз абайсызда ток кернеуінен үйінде өрт шыққан сәтте өзінен кейінгі үш бауырын терезеден шығарып, тілсіз жаудан аман алып қалған. Бұл кезде ауыл тұрғындары өртті ауыздықтап үлгеріпті.

– Біз отбасымызбен бөлек шығып, ауылдан шағын ғана баспана тұрғыздық. Былайынша айтқанда, «времянка» ғой. Сол күні көрші үйдің газ баллоны таусылып, соны әкеп беруге өтініш айтты. Мен де қарсы болмай, балалардың сыртынан құлыптап, кете бергенмін. Келіншегім де мектепте уақытша жұмыс істейтін. Дәл сол уақытта үйдегі электр тоғынан ұшқын пайда болып, ол өртке ұласқан. Осы сәтте үлкен қызым Мерей пластик терезені ашып, бойы жетпеген соң астына шай ішіп жүрген столды қойып, алдымен бірінші сыныпта оқитын інісін шығарып жіберген. Ал ол көшеге шығып көмек сұрапты. Оған дейін Мерей екі сіңлісін құтқарып үлгерген. Ең кіші қызым 9 айлық бесікте жатқан бөбек қой. Оны да бесіктен шешіп, терезеден алып түскен, – дейді әкесі Наурызбек Назаров.
Наурызбектің айтуынша, ауылдағы А.Бисенов атындағы №38 орта мектеп ұжымының қолдауымен Мерей жақында Астана қаласына барып келіпті. Сол кездегі Мәдениет және спорт министрі бауырларын құтқарған кішкентай қызға арнайы төсбелгі тағып, ноутбук сыйлаған.
– Мен қазір 2-сыныпта оқимын. Жақында Астана қаласына арнайы шақыртып, барып қайттым. Сол кезде үлкен ағайлар құттықтап, маған медаль тақты. Қатты қуандым, әкем мен анам риза болды. Мектептегі ұстаздарым мен сыныптас достарым да мені құттықтап, тілектерін айтты. Одан кейін өрт сөндіруші ағалар Жаңа жыл мерекесіне сыйлық беріп қуантты. Айтпақшы, мен өскенде дәрігер боламын. Ауырған адамдарды емдеп жазғым келеді, – дейді Мерей.
Төрт баланың әкесі жалағаштық Наурызбектің әу бастағы мамандығы – денешынықтыру пәнінің мұғалімі. Бірақ денсаулығына байланысты жұмысқа жарамсыз. Бүгінде жұмыссыз отыр. Ал жұбайы Гүлмира ауыл мектебінде жұмыс істейді. Онда да уақытша. Қарапайым ғұмыр кешіп, көз алдындағы балаларына дұрыс тәрбие беріп жүрген жас отбасыға қолдау қажет-ақ.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»
Жалағаш ауданы





