Үш соғыстың сарбазы

1597

4

Байқасаңыз, кеңес одағы билік тұтқасын ұстаған тұста дүниеге келгендердің өмірдеректерінің бір бірінен аса көп айырмашылығы болмайды. Кейіпкеріміз Сармантаев Оразалы да ақ пен қызыл арпалысып атой салып жатқан 1918 жылдың аласапыранында қазіргі Қазалы ауданының Табанкөл колхозына қарасты Жаңаарық ауылында өз замандастары сияқты шаруа отбасында дүниеге келді.

Шағын ғана шаруашылығы, ұсақ малы бар әкесі Сармантай мен анасы Қуантқан сол кезеңнің саясатымен 5 баласын жетелеп колхозға мүше болды. Ашаршылық басталып, балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен ақтаңдақта орындарынан қозғалмай отырып қалды да, әкесінен өзгесі нәубеттен аман шықты. Елдің жағдайы жөнделе қоймағасын анасы аман алып қалуды мақсат етіп 5 ер баланың екі кішісін балалар үйіне өткізуге мәжбүр болды. Олардың біреуі қашып келді де, ең кіші інісі Оразалы жоғалып кетті. Кейін іздеу салғанмен еш жерден дерегі шықпады.

О.Сармантаев 1936 жылы орта мектепті бітірді. Ал екі жылдан соң әскери борышын өтеуге Қызыл Армия қатарына шақырылды. Екінші дүниежүзілік соғыс фашистік Германияның 1939 жылдың 1 қыркүйегінде Польшаға басып кіруінен бастау алғаны мәлім. Кеңес Одағы да одан қалысқысы келмей сол жылдың 17 қыркүйегінде Батыс Беларуссия мен Батыс Украинаны, Литва Республикасының Вилен аймағын азат етуді желеу етіп Польшаға соғыс жариялады. Германия Польшаны санаулы күнде ың-шыңсыз басып алды. Ал Кеңес Одағы аталған аймақтағы бар болғаны жиырма күнге созылған соғыста едәуір әскери техникасынан, бір жарым мың адамынан айырылды.

Кейіпкеріміз қызыләскер О.Сармантаев 1-атқыштар полкінің құрамында осы Польшаны азат ету соғысына қатысып, алғаш рет жау әскерімен бетпе-бет келді. Оң қол шынтағынан жоғары бұлшық етінен алған терең жарақатын емдеу екі айға созылып өзіне-өзі келгеннен кейін, әскери борышын өтеуді бастаған 1-ші атқыштар полкінің құрамына қайта оралып, 1939 жылдың 26-шы қарашасында Кеңес Одағы мен  Финляндия арасындағы шекаралық аймақ үшін басталған соғысқа жіберілді.

1940 жылдың 13 наурызына дейін созылған бұл соғыста  «маскировка» немесе дұшпан көзін алдау үшін аппақ қар мен сұрғылт түсті орман ағаштарының түсіне сәйкес әскери киім үлгісімен қамтамасыз етілген, шаңғымен аса жылдам қозғалуды жетік меңгерген «көкектер» деген атау алған фин снайпер-мергендері совет әскерлерін үлкен қырғынға ұшыратып, майдан тағдырын шешті десе де болады.

Тарихи деректердің мәліметінше, сегіз есе көп шығынға ұшыраған Кеңес үкіметі қазіргі Мурманск облысына кіретін шағын ауданды басып алғанымен, екі жақ та бұл соғыстың абырой әпермейтінін ескеріп келісімге келуге мәжбүр болды. Шайқас барысында ауыл қазағы Оразалы Сармантаев шеберлігін шыңдады, атыс қаруын бір адамдай меңгерді, ойламаған тұстан жер астынан шыққандай шыға келіп, оқты қарша боратып жіберіп лезде шаңғысын жүйткітіп көзден ғайып болатын фин мергендерінен қалай қорғануды, шаңғыны қалай меңгеруді үйренді. Қанша сақтық жасағанымен мүлт кетпейтін фин мергенінің оғынан ішінен ауыр жарақат алды. Госпитальда емделіп, жарақатынан айыққанымен, екінші топ соғыс мүгедегі атанып, аға сержант шенімен елге оралды. Ел мен жер көріп, қанды қасап майданды басынан өткеріп жүргендегі ойға түйгені қазақтың «білімдінің жүзі жарық, білімсіздің беті көн шарық» деген тәмсілі болды.

Аздап болса да білімін көтеруді жөн көріп Оразалы 1940 жылдың жазынан 1942 жылдың наурыз айы аралығында Қазалы ауылшаруашылық техникумының ветеринар бөлімін бітіріп шықты. Алайда, сол тұста Кеңес Одағы мен Германияның текетіресінен басталған екінші дүниежүзілік соғыстың күшіне міне бастаған кезі болғандықтан алған білімін бейбіт өмірмен байланыстырудың мүмкіндігі бұйырмады.1942-нің наурыз айының соңында әскерге шақырылып, 64-ші атқыштар полкінің құрамында Сталинград шайқасына қатысты. 1943 жылы 9-армияның 70-і атқыштар полкінде, 234-ші атқыштар полкінде бөлімше командирі болып Севастополь майданындағы қанды шайқастарға араласты.

Сонда жүріп партия қатарына қабылданды. Севастополь майданында оң аяғынан жарақат алып, Грузиядағы госпитальда емделіп шыққаннан кейін 1944-ші жылдың қыркүйек айынан бастап НКВД-ның соғыс жағдайында әрекет ететін конвой әскерінің құрамында қызметке кірісті.Соғыс тұтқындарын, аса қауіпті қылмыскерлерді, әскерден қашқандарды тиісті жерлерге жеткізу, күзету, орман аралап із кесу сияқты сәт сайын  қауіп-қатерге, құпияға толы майданның машақаты бетпе-бет келетін ашық соғыстан әлдеқайда қиын болып шықты.

Жеңіс күнін осы қызметте жүріп қарсы алып, 1946-шы жылдың желтоқсан айында елге оралды. Қазалы ауданының ішкі істер саласының басшылығы әскерден келген Оразалыға сәл демалыс алуға мұрсат бермей, аға сержант шенін, соғыс кезіндегі ішкі істер әскері қатарындағы құнды тәжірибесін ескеріп, Қазалы қаласындағы түрмеге қызмет етуге жіберді. Тумысынан жүрегі жұмсақ, орынсыз қаталдық қанына жат Оразалы әлі де болса қылышынан қан тамып тұрған Кеңес үкіметінің НКВД құрылымының түрмедегі жазалау тәртібін күнделікті көріп жүруге жаны шыдамай екі жылдан соң шын мағынасындағы денсаулығын себеп қылып, басқа салаға сұранды.

Басшылық түсіністікпен қарап 1949 жылы аудандағы мемлекеттік банкке инкассатор қызметіне тағайындады. Соғыс енді ғана аяқталған, елсіз жерлерді ұры-қары, қашып-пысқандар мекен еткен  аш-аламан қауіп-қатерлі уақытта белінде табельдік қаруы, иығына ақша салатын қоржын, қаржының алыс-беріс құжаттарын асып алып поселкені, қаланы, ауылдық жерлерді ат арбамен аралап мезгілсіз, мекенсіз қазынаның қаржысын тасымалдаудың қаншалықты жауапкершілікті керек ететінін егжей-тегжейлі түсіндіріп жатудың қажеті де жоқ шығар. Осы инкассатор қызметінде табан аудармастан 34 жыл жұмыс істеп, 1983 жылы құрметті еңбек демалысына шықты.

Соғыстан соң  Бекарыстан би ауылының тумасы Шайхан Имашевамен шаңырақ көтеріп, екеуі он перзентті болды. Олардың екеуі тағдырдың жазуымен өмірден өтті, қазір сегіз ұл-қызының алды зейнет демалысына шығып, кейінгілері әр салада елге қызмет етіп, немере-шөберелерін өрбітіп жатыр.

 – Әкем 2000 жылы өмірден өтті, – дейді бүгінгі күні теміржол саласынан зейнетке шыққан қара шаңырақтағы баласы Бердібек Оразалыұлы Сармантаев. – Мен есімді білген 60-жылдардан бері дүниеден өткенше қызметтен тыс тыным таппай үй тірлігінен қол үзбей кетті. Мал ұстады, пішен орды, бақша екті, үнемі жаяу жүрді.

«Соғыс мүгедегісің ғой әке, өзіңіз сияқты майдангерлер үй алып жатыр, көлік алып жатыр. Сіздің де сондық еңбегіңіз бар шығар, үкіметке өтініш жасасаңызшы» дегенімізде, «соғысқа қатысқан, қан төккен жалғыз мен бе, талай боздақтар майдан даласында көмусіз де қалған жоқ па? Өзімнен үлкен ағам соғыста хабарсыз кетті, інім соғыстан алған жарақатынан келіп қайтыс болды. Солардан жаным артық емес. Аллаға шүкір, менің бар байлығым сендерсіңдер. Ешкімге міндетім жоқ, мұндай әңгімені доғарыңдар» деп тыйып тастаған. 

Үш соғыстың қан қасабында сынақтан өткен, «Отан соғысы» орденінің, «Жеңіс», «Германияны жеңгені үшін», Ұлы Жеңістің 20, 25, 30 жылдығына арналған төсбелгілердің, адал еңбегі үшін берілген төсбелгілер мен есепсіз алғыс хаттарының иегері Оразалы Сармантаевтың өмір жолы мен адамгершілік ұстанымы бүгінгі ұрпақ үшін үлгі тұтуға тұратыны анық.

Әлімжан ҚИЯС,

Әйтеке би кентіі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<