Үшем дүниеге келді

925

0

Фото ашық дереккөзден

Қостанай облысына қарасты Меңдіқара ауданында Николай, Евгений және Виолетта есімді үшем дүниеге келді. Бұл туралы өңірлік денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Меңдіқара ауданы Харьковский ауылының тұрғыны Алена Петрованың босануы мерзімінен бұрын басталған. Артынша жолдасы жедел жәрдем шақырмай, әйелін аудан орталығындағы ауруханаға досының көлігімен апарыпты.

«Таңғы 06:00-де 2 ұл (салмағы 2070 гр және 1860 гр) және 1 қыз (1680 гр) дүниеге келді. Жаңа туған нәрестелердің жағдайы тексеріліп, қажетті процедуралар жасалғаннан кейін бірден күтім жасау үшін кювездерге орналастырылды. Ал бір тәуліктен кейін санитарлық авиация ұшағымен аудандық дәрігерлер балаларды Қостанай облыстық ауруханасының перинаталдық орталығына емдеуге жіберді. Ер балалар бірден бөлімге орналастырылды, қыз екі күн жансақтау бөлімінде болды», – деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.

Меңдіқаралық Петровтар отбасында енді 7 бала. Алена Петрованың айтуынша, үлкен бауырлары сәбилерді асыға күтіп жүр.

«Біз отбасымызбен қуаныштымыз. Дәрігерлерге алғысым шексіз. Балалар үйде бауырларын күтіп жүр. Үлкен ұлымыз ендігі ересек, бізден бөлек тұрады. Қалғандары бізбен бірге. Олар бала күтімі бойынша маған көмектеседі. Қазір балаларым салмақ қосса, онда үйге шығамыз», – дейді көпбалалы ана.

Облыстық перинаталдық орталықтағы балалар бөлімінің меңгерушісі Игорь Бойконың айтуынша, қазір сәбилерге қажетті терапия көрсетіліп, олар салмақ қосып жатыр. Дегенмен біршама уақыт айрықша күтімді талап етеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<