Үшеуден бастап, отызға жеткізді

940

0

Қазір дүкенде жартылай дайын тамақтың түрі көп. Жұмыстан қолы босамайтындар мен студенттерге бұл қолайлы. Үйге барып пісіріп алсаңыз жеткілікті. Мұндайда дүкендегі жартылай фабрикат өнімінің тек сапалысы мен дәмдісін таңдай білсеңіз жарап жатыр. Себебі арнайы аппаратпен дайындалған тұшпарадан қолмен түйілгені тәтті болатынын біле жүрген абзал. Бұл құпияны бізге «ЛТД КАУ» ЖК басшысы, кәсіпкер Жансия Әлсейітова ашып берді.

Ол 2019 жылдан бастап жартылай фабрикатталған өнім өндірісімен айналысуда. Өткен жылы цехты кеңейту мақсатында «Микробизнес Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы 2%-пен  несие алып, 10 миллион теңге қаражатқа ие болды. Күніне 70-80 келі жартылай дайын өнім шығаратын кәсіпкердің қарамағында 5 көмекшісі бар.

Бүгінде «Good Food kzo» парақшасы арқылы әлеуметтік желіде жұмысын жандандырып отырған Жансия осы кәсіпті бастағанда тәжірибелі аспаздың көмекшісі болыпты. Асүйдің қыр-сырын меңгеріп, тағамның дайындалу технологиясын көзбен көруді мақсат еткен. Біраз уақыт өнім дайындауды үйренуші әрі бақылаушы  болады.  Жұмысы жолға қойылған соң кәсіпкер бірыңғай іске басшылық жасап, тұтынушылар көңілінен шығу үшін өнім түрлерін көбейтіп келеді.

–    Кәсіп бастағанда тек үш түрлі өнім шығардық. Ол уақытта аспаздың көмекшісі, SMM маманы, маркетолог қызметтерін қатар алып жүруге тура келді. Әлеуметтік желіде парақша ашып, тұтынушылармен тұрақты байланыс орнаттық. Ал қазір қала тұрғындарына едәуір танылдық.  Жартылай дайын өнімнің 30 түрін шығарамыз.  Ең жақсы өтетіні – тұшпара мен манты өнімі. Одан бөлек, әр тауар түрінен 10-15 келі өнім өндіріледі. Қалада үш дүкенде өзіміздің арнайы сөреміз бар. Аптасына 2-3 рет сөрелерді толтырып кетеміз. Жұмысымыз алға жүре бастаған соң цех ашып, оның құжаттары мен өнімнің құжатын дайындай бастадым. Сапаға сәйкес лицензия алдық, – дейді кәсіпкер.

Дайындалуы қиын, бірақ дәмді тағам түрін өндіру қажырлы еңбек пен табандылықты талап етеді. Негізгі мамандығы заңгер болғанына қарамастан, кәсіпкерлікке жақын Жансия өз ісін жақсы көреді. Жолдасы Асхат Ибрагимов та кәсіппен айналысады. Екі баланың ата-анасы атанған олар еңбексүйгіштігі мен іскерлігі арқасында ешкімге алақан жаймай, берекелі өмір кешуде.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<