Үздік баспасөз хатшы анықталды

511

0

Сейсенбіде «Қызылорда облысының үздік баспасөз хатшысы – 2023» байқауының жеңімпазы анықталып, марапаттау рәсімі өтті.

Еске салсақ, 21 шілдеден бастап қоғаммен байланыс мамандарының облыстық байқауына қатысуға өтінімдер қабылданды. Байқау жеңімпаздары 31 шілдеден 7 тамызға дейін Қазақстанның «NewsHub.kz» ақпараттық хабының сайтында дауыс беру арқылы анықталды. Дауыс беруге бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Үздік PR мамандарын анықтау және марапаттау, саладағы кәсібилікті насихаттау. Сондай-ақ PR мамандарын кәсіби тәжірибе алмасу алаңымен қамтамасыз ету және PR мамандарына өз жұмысының сараптамалық бағасын алу мүмкіндігін беру – байқаудың басты мақсаты.

– «NewsHub.kz» – бұл ұйымдардың баспасөз қызметтерінің бұқаралық ақпарат құралдарымен тиімді өзара іс-қимыл жасауына арналған интернет-алаң. Ақпараттық хаб ұйымдарға баспасөз хатшыларының виртуалды кабинеттерін ашуға мүмкіндік береді, мұнда олар баспасөз хабарламаларын, жаңалықтар материалдарын және тіркелген журналистерге қолжетімді болатын басқа да ақпаратты жариялап, журналистер жеке кабинеттерін аша алады. Аталған жобаның арқасында кез келген аймақтық БАҚ жетекші республикалық басылымдармен бір уақытта ақпарат алады. Байқаудың мәні осы жүйелі жұмысты насихаттау десек те болады, – деді Қазақстанның «NewsHub.kz» ақпараттық хабының бас директоры Ерлан Рамазанов.

Конкурс нәтижесінде Шиелі ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Рамазан Әнәпия «Үздік баспасөз хатшысы» атанды. Жеңімпаз қаржылай сыйлықпен және дипломмен марапатталды. Е.Рамазанов жүлдені табыстап, барлық қатысушыларға алғыс білдірді.

– Бүгінгі таңда баспасөз хатшысы мамандығы үлкен сұранысқа ие және оның ауқымы кең. Бұл маман өзінің жұмыс берушісі және бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғам алдындағы алтын көпір болады. Баспасөз хатшысы журналистермен байланысқа, баспасөз конференцияларын ұйымдастыруға, пресс-релиздер жасауға, ресми ақпараттарды жариялауға және тағы басқаларға жауапты. Көзге көрінбейтін жұмыстары да жетерлік. Осынша еңбекті ескерген ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, – дейді жеңімпаз Рамазан Бектұрғанұлы.

Байқау қорытындысы бойынша ең көп Р.Әнәпия 61, ІІ орын Б.Қаласов 53, ІІІ орын Н.Серәлі 50 ұпай жинады.

Айта кетейік, осындай байқау Жетісу, Маңғыстау, Түркістан және Алматы облыстарында өтті. Алдағы уақытта республикалық маңызы бар қалаларда да ұйымдастырады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<