Үздік мамандар марапат төрінде

380

0

🔹Бүгін Жаңа жыл мерекесі қарсаңында ауданның қорытынды шарасы өтті. Мерекелік шарада жыл бойы өз саласының үздігі атанып, ауданның дамуына үлес қосқан білікті мамандар марaпатталды.

🔹Қорытынды кеште аудан әкімі Ардақ Ибраимов аудан тұрғындарын жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ауданымыз үшін жасалған әрбір игі бастаманың серпін алуы ел бірлігінің арқасы екенін жеткізді.

«Енді санаулы сәттерден кейін жаңа 2024 жылға қадам басқалы тұрмыз.
Тарих қойнауына енгелі тұрған жыл еліміз үшін жарқын істерге, жетістіктер мен жеңістерге толы болды деп айта аламыз.

Биылғы жылы Жалағаш ауданының бюджеті – 11 млрд. теңгеге жетті. Бұл қаражат ең өзекті мәселелерді шешуге, аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға жұмсалуда.

Атап айтқанда, ағымдағы жылы Есет батыр – Жаңадария бағыты мен Жаңаталап – Аққыр бағыттарындағы және Ақсу ауылына кіреберіс аудандық маңыздағы автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Жалағаш кенті және 5 елді мекеннің 20 көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Шәменов пен Ақсу ауылдық округін газдандыру жұмыстары басталды.
Елді мекендердің электр желілерін дамыту бойынша биылғы жылы Ақсу, Қаракеткен елді мекендерінің электр желілері қайта жаңғырту жұмыстарына республикалық бюджеттен 270,3 млн. теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл ретте аудан бойынша электр желілерінің тозу деңгейі 45,2 пайыздан 32,9 пайызға дейін төмендеді.

2024 жылы Мырзабай ахун, Мақпалкөл және Аламесек ауылдық округтерінде электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстарымен бірге Қаракеткен ауылында фельдшерлік-акушерлік бекеттің құрылысы басталатын болады.
Келер жылы жүзеге асырылатын ауқымды жобалардың бірі ауданда кітапхана, музей, архив және жастар, ардагерлер мен аналар бас қосатын жаңадан «Руханият» орталығы бой көтереді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының кәсіпкерлерді патриотизм мен әлеуметтік жауапкершіліктің үлгісін көрсету туралы бастамасы аясында аймақта «Туған жерді бірге түлетейік» үндеуін жариялап, ағымдағы жылы демеушілер есебінен 605,0 млн теңге қаржы тартылып, елді мекендерде көшелерді жарықтандыру және спорттық ойын және шағын футбол алаңдары, Дәуімбай учаскесінен жаңа мешіт ғимараты салынып, халық игілігіне пайдалануға берілді.

Бастамаларымызға қолдау көрсетіп жатқан жерлес жанашыр азаматтарымызға зор ризашылығымызды білдіреміз.
Туған жер алдындағы азаматтық парызын адал атқарып жүрген елжанды азаматтарымыз мемлекет тарапынан лайықты бағасын алуда.

Республика күнінде жерлесіміз «Таң ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Шағыртаев Имамзада Қуанышбайұлы ең жоғары деңгейдегі мемлекеттік награда – «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК ЕРІ» атағын алса, өзге де азаматтар түрлі мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Біз жаңа жылға ізгі үмітпен, ерекше пейілмен, жақсы ниетпен қадам басамыз.
Жаңа жыл – адамзат баласы үшін өткенді зерделеп, алдағы күндерді межелейтін маңызды мереке. Жақсылықтың жаршысы Жаңа жыл әр отбасына жылулық әкелетін жасампаз мереке болсын»,-деді аудан әкімі Ардақ Ибраимов.

🔹 Шара соңы аудан өнерпаздарының мерекелік концертімен жалғасты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<