«Үздік оқытушы-2023» байқауы өз мәресіне жетті

955

0

Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Үздік оқытушы – 2023» республикалық байқауының облыстық кезеңі өтті.

– Баршаңызды алда келе жатқан мамыр айындағы мерекелермен құттықтаймын! Ықылым заманнан келе жатқан түрлі ұлт пен ұлыс өмір сүріп жатқан көпұлтты мемлекет ретінде өз халқыңды, өз тіліңді сүю, өзге халықты құрмет тұту, тілін қастерлеу – қазіргі қоғамның басты өлшемдерінің бірі. Күні кеше ел Президенті Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында бірлік, даму, мемлекеттік саясаттың жүргізілу барысы туралы көптеген ұсыныстар айтты. Сондай-ақ, мемлекеттік тіл саясатын жүргізудің тетігі, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту мен ғылыми прогресс пен технологияның тіліне айналуына қадам жасалу керектігін тілге тиек етті. Қазақ тілінің дәрежесі бүгінде жоғары деңгейге көтеріліп келе жатыр. Мемлекеттік тілді насихаттау, оны пайдалану, сөздер мен сөз тіркестерін орынды қолдану, қазақ тілінің ережелеріне сай жазылуын реттеу мақсатында азаматтарды әрқашан оқытуға дайын болуымыз керек. Бұл ретте облыстағы оқу орталықтарының атқарып жатқан қызметі зор. Қазақ әліпбиінің негізін қалаған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері арада қанша жыл өтсе де, өз құндылығын жойған жоқ. Біз осы еңбектерді қолдана отырып, қайраткердің әдіс-тәсілін жалғастыру арқылы қазақ тілінің мәртебесін арттыру мақсатында бүгінгі байқауға қатысып отырған оқытушыларға сәттілік тілеймін, – деді шараның алғысөзін алған Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы А.Есмаханов.

Байқаудың басты мақсаты – мемлекеттік тілді авторлық бағдарлама арқылы оқытатын шығармашыл әлеуеті бар оқытушыларды анықтау, қолдау және олардың авторлық әдістемелерін кеңінен тарату.

Облыстық тілдерді оқыту орталығының мемлекеттік тіл оқытушылары өзара бақ сынасып қана қоймай, кәсіби біліктіліктерін жетілдіріп, ересектерге мемлекеттік тілден сабақ берудің сапасын арттырудың оңтайлы әдістерімен бөлісіп, тәжірибе алмасты.
Қатысушылар «Авторлық бағдарлама», «Сұрақ-жауап», «Жағдаят» тапсырмаларын орындау секілді үш кезең бойынша сынға түсті.

«Үздік оқытушы» байқауына қатысушылардың еңбегіне Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Жанар Исаева, Жалағаш ауданы Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, гуманитарлық ғылымдар магистрі Салтанат Қосжанова және М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің Әдістемелік кабинет меңгерушісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, педагог-зерттеуші Мөлдір Мендибаевалар қазылық етіп, сараптама жасады.

Байқау нәтижесі бойынша Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы оқу-әдістемелік бөлімінің басшысы Г.Сембиева III орын, ал Жалағаш ауданы бойынша мемлекеттік тіл оқытушысы Н.Есаманова II орын иемденді. Қазылар алқасының шешімімен байқауда сабақ берудің үздік әдісін көрсетіп, үш кезең бойынша да жоғары ұпай жинаған Қармақшы ауданы бойынша мемлекеттік тіл оқытушысы Г.Дүзенова I орынға лайық деп танылып, республикалық кезеңге жолдама алды.

Жеңімпаздар мен өзге қатысушыларға облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының Дипломы мен арнайы сыйлықтары табысталды.

Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<