«Үздік жастар – 2022» премиясы табысталды

1162

0

Бүгін аудан әкімі С.Сермағамбетов өңіріміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, түрлі салаларда жетістікке жеткен жастарымызға «Үздік жастар – 2022» премиясын табыстады.

Шараның шымылдығы ең алдымен аудан жастарының жыл басынан бері атқарған жұмыстарына арналған бейнеролик пен жас өнерпаздардың заманауи биімен түрілді.

Жастар форумына аудан әкімі С. Сермағамбетов сөз алып, ізгі лебізін білдіріп өтті.

– Еліміздің тарихы мен мәдениетінің тағдыры, дамуы мен өркендеуі, жалпы бүгіні мен ертеңі де жастарға байланысты екендігі де сөзсіз. Бүгінде ауданымызда қоғамның әрбір саласында өзінің ауқымды жұмыстарымен, қарқынды қимылдарымен еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген жастар жетерлік. Олардың бірі білімнің шыңын бағындырса, бірі шет елдерде, өңірлерде өздерін жалпақ жұртқа танытып жүр. Туған жеріміз айдынды Арал өңірінің айбынын асқақтатар жалынды жастарымыз көп болсын! – деді аудан басшысы.

Мерекелік шарада ауданымызда жастар саясатының дамуына үлес қосып жүрген әр саланың жыл үздіктері анықталды. Атап айтқанда, ең үздік жас спортшы, кәсіпкер, өнерпаз, рекордсмен, аспазшы, балықшы, тазалықшы, диктор, жазба ақын, қайырымды жас сынды тағы басқа да бағыттар аясында белсенді жастар марапатталды.

Мұнымен қоса, «Жас балықшы» Жаналиев Айболат пен «Жас тазалықшы» Ідірісова Фаризаға демалыс шипажайына жолдама берілді.

Аудан жастарының қорытынды шарасы жас өнерпаздардың мың бұрылған биі мен әсем ән шашуымен аяқталды.

Бүгінде Арал қаласында 19 мыңнан астам жас болса,ол аудан халқының 24,2 пайызын құрап отыр. Жыл басынан бері 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі «Ұлттық» жоба аясында жастар тәжірибесімен – 285 жас, одан бөлек 642 жас тұрақты жұмыспен қамтылған. Жаңа бизнес идеяларды іске асыру мақсатында электрондық еңбек биржасы арқылы ауданымызда 840 жас онлайн форматта оқуды аяқтап, оның 171-і 1,2 миллион теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа ие болды. Сонымен қатар, аудандық Жастар ресурстық орталығының 12 бағыттан тұратын жобалары мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға өз үлесін қосып келеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<