Үздіктер плей-оффқа шыға алмады

749

0

Бүгін, 3 желтоқсанда футболдан әлем чемпионатында 1/8 финал ойындары басталады. Жарыстың аталған сатысына қазірге дейін Франция, Австралия, Бразилия, Португалия, Нидерланды, Сенегал, Англия, АҚШ, Аргентина, Польша, Марокко, Хорватия, Жапония, Испания құрамалары жолдама алды. 2 желтоқсандағы топтық кезең ойындарында олардың қатарына тағы екеуі қосылады.

Месси секілді үздіктер ойын көрсететін Аргентина 1/8 финалға жолдамаға әрең қол жеткізді. Үшінші турда олар Польшаны 2:0 есебімен жеңіп, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Бұл топтағы екінші жолдама поляк жігіттеріне бұйырды.

D тобында Данияның төртінші орын алуы сенсациялық жағдай деп бағалап жатқандар бар. Солай санауға негіз бар. 1992 жылы Еуропа чемпионы атанған құрама биыл да жоғары жетістікті бағындырамыз деген ниет танытқан еді. Өкінішке орай, олар небәрі бір ғана ұпайды місе тұтып, еліне ертерек қайтуына мәжбүр болды. Аталған топта Франция мен Австралия жарыстың келесі сатысына шықты.

Жапония құрамасы екі мәрте сенсация жасады. Алдымен Германияны сүріндірген олар одан кейін Испанияның да осал тұсын тапты. Осылайша E тобында бірінші орын алды. Екінші орын испаниялық футболшыларға бұйырды.

Сондай-ақ, F тобында Марокко құрамасы Хорватия және Бельгия секілді азулы қарсыластарымен сынға түскеніне қарамастан өздерінің мықты екенін дәлелдей білді. Рас, Африка құрлығы өкілдерінің құрамында еуропалық белді клубтарда ойын көрсетіп жүрген футболшылар саны басым. Сондықтан жанкүйерлер олардың жеңісіне көбірек үміт артты. Олар Әлем чемпионатына  биыл алтыншы мәрте қатысып отыр. 1986 жылы олар 1/8 финалға дейін жетті. Енді 36 жылдан кейін сол жетістігін жаңалай ала ма? Екінші орынға Хорватия футболшылары қол жеткізді.

Өз тобында үшінші орынды місе тұтқан Бельгия құрамасының бас бапкері Роберто Мартинес қызметінен кетті. Ол ұлттық құрама тізгінін 2016 жылы ұстады. 2018 жылы оның басшылығымен бельгиялық футболшылар қола жүлдегер атанды.

Аталған құраманың 30 жастағы қақпашысы Тибо Куртуа өзінің ұлттық құрама сапындағы 100-ойынын өткізді. Ол 2011 жылдың қараша айында ұлттық құрама сапында алғашқы ойынын өткізген еді. Содан бері ол өз құрамасымен бірге 72 мәрте жеңіске жетіп, 13 мәрте тең ойнады. Ал 14 кездесуде қарсыласына есе жіберді. Бельгиялық қақпашы өзі өткізген 100 ойынның 50-інде қақпасына гол жіберген жоқ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<