Ұл әкеден үйренбей…

1180

0

Қорқыт атадан қалған «Ұл әкеден үйренбей, сапар шекпес, қыз шешеден үйренбей, өнеге алмас» деген даналық бар. Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» осы сөздерді мәйек ете отырып, алғаш рет І облыстық әкелер форумын өткізді.

Отбасы күніне орай ұйымдастырылған тағылымды шараны облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов ашты. оған Сыр өңірінің абыз ақсақалы Сәпен Аңсат, белгілі дінтанушы Бақтияр Оспанов, айтыскер ақын Нұрмат Мансұр мен жас кәсіпкер Мағжан Ералиев қатысты.

Отбасында үлгілі әке, қоғамда орны қалып­тасқан, ел қолдайтын, жастарға өзіндік айтар ойы бар азаматтар әдемі әңгіме өрбітті. Отбасы құндылығы, бала тәрбиесі, соның ішінде әке рөлі мен әкеге деген сүйіспеншілік тақырыбын кеңінен қозғады.

– Атақты «Абай жолы» романында мынадай бір тағылымды эпизод бар. Семей қаласында үш жыл оқып, жайлаудағы әкесінің үйіне күн кешкіре жетіп жығылған он үш жастағы шәкірт Абай аттан түскен бетте анасына қарай бет алады. Сонда байсалды Ұлжан: «Әй, балам, анда әкең тұр, әкеңе барып сәлем бер!», – дейді. Бір сәтке балалық сезім жеңіп, қателік жіберіп алғанын түсінген жас Абай жалт бұрылып, әкесі Құнанбай бар шеткерірек тұрған оқшау топқа қарай адымдай жөнеледі. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов мұны халықтың жүрекке жылы тамаша дәстүрінен хабардар ету үшін ғана емес, оның тәрбиелік зор маңызын жоғары бағалағандықтан да келтіріп отырғаны анық. Осының барлығы тұн­ған тәрбие. Бұл бағыттағы – шараларды күшейту – міндетіміз. Себебі, өнегелі отбасы – ел тұт­қасы, ал жастар соны ұғынып өсу керек, – деді С.Аңсат.

Форумның мақсаты жастарға тәлім-тәрбие беру, отбасы құндылығын, әке рөлін дәріптеу болғандықтан, өз мақсатына жетті.

Мөлдір Қалымбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<