Ұлт рәміздері ұлықталған мереке

729

0

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні Әнұран орындау акциясы ұйымдастырылды. Патриоттық акцияны қолдау үшін республика көлемінде халық көп шоғырланатын орындардарда Әнұран шырқалды.

Қызылорда қаласындағы «Жібек жолы» ойын-сауық орталығында белсенді жастардың қатысуымен «Мемлекеттік рәміздер – ұлт мақтанышы» атты мерекелік кеш өтті. Іс-шараның мақсаты – рәміздерді кеңінен дәріптеу, олардың пайда болу тарихын, мән-мағынасын және әрбір адам өміріндегі маңызын түсіндіру.

Салтанатты кеште Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің белсенді жастары патриоттық әндер шырқап, рухты өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Мұнан бөлек, оқу орнының профессор-оқытушылары мен білім алушылары Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына арналған «Таңбасы тарих, байрағы биік – Қазақстан!» атты патриоттық акцияға қатысты.

Жалпы, рәміздерге құрмет көрсету – баянды болашаққа бағытталған бағдар. Елдігіміздің нышанына айналған Мемлекеттік рәміздер – еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы, өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Алтын күн мен қыран бейнеленген көк Туымыз, барша қазақстандықтардың шаңырағына айналған Елтаңбамыз Қазақстанды бүкіл әлемге танытты. Ұрпағына «Туың жығылмасын» деп бата берген қазақ үшін көтерілген байрақ – ерлік пен елдіктің, бірліктің белгісі.

Мұнан соң «Aray City Mall» сауда-ойын-сауық орталығында «Рәміздер – тәуелсіздік тұмары» атты концерт өтті. Мерекелік іс-шараны М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің ұжымы ұйымдастырды.

Төл нышандар ұлықталған іс-шарада мемлекеттік рәміздердің тарихы, авторлары және ерекше сипаты туралы айтылды. Концерттік бағдарламада оқу орнының өнерпаз жастары өнер көрсетіп, көрермен көзайымына айналды. Аталған іс-шара «Арбат» және қалалық демалыс паркінде жалғасын тапты.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<