Ұлт ұстазының ұлан-ғайыр еңбегі

838

0

«Қазақтың Ақаңы» атанған ұлт ұстазы, ақын, тұңғыш қазақ әліпбиін өмірге әкелген Ахмет Байтұрсынұлы – ұрпағының сауатты болуына жанын аямай еңбек еткен, тер төккен ұлы күрескер.

Әрбір азаматтың туған жерін, туған елін сүюі отбасынан басталады. Ахметтің туған ұясы, өскен ортасы – Шашақтың әулеті өз перзенттерін адал, ұлтжанды етіп өсірген. Алайда, Шашақтың үш ұлы, оның ішінде Ахметтің де әкесі Байтұрсын да бар, ояздың әділетсіздігіне қарсы шыққаны үшін Сібірге жер аударылып кете барды. «Оқ тиіп, он үшімде ой түсіріп, Бітпеген жүрегімде бар бір жарам…» деп ақынның жазуы – соның айғағы. Бұл жағдай Ахметті мұқалтпады. Шашақтың үлкен ұлы Ақтастың айтуымен туыстары Торғайдағы төртжылдық орыс-қазақ училищесінде оқытты. Бұрыннан да ауыл молдасынан хат таныған, анасы Күңшеден кириллица әліппесін үйреніп алған Ахметке бұл оқу қиын болған жоқ. Екінші курста жүріп-ақ орыс тілін жетік меңгерді. Білімге өте құштар болды. Төрт жыл бойы сабақтан бос кезінде ауылға қайтпай орыс, шетел әдебиетін, географиясын тереңдеп үйренді. Ауылға барса, үлкендердің шежіре, әңгімесіне ұйып, жырауларды, термешілерді қызыға тыңдады. Алғашқы өлеңге деген құштарлығы осы кезде басталды, дәптердің сыртына, бос жерлеріне шумақтарын жаза бастады.

Ахметтің арманы, алға қойған мақсаты ұстаз болу еді. Сол себепті Торғайдағы оқу орнын бітірген соң, Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын төртжылдық училищеге түсті. Бұл оқу орнын 1895 жылы ойдағыдай аяқтап, Ақтөбе, Әулиекөл мектептерінде ұстаздық қызмет етті. Ұстаздық қызмет атқара жүріп, ол қазақ халқына ұлттық жазуы, әліпбиі керек екенін білді. Сол үшін кітапханалардан әлем тәжірибесін зерделеп, латын, қолданыста жүрген араб әліпбиін терең зерттеп, олардың қазақ сөзіне, дыбысына ыңғайлы жақтарын қарастырды. Жас ұрпаққа білім беруде жаңа әдістемелік жүйені қолданудың жолдарын іздестірді.

Ұстаз болған тоғыз жылда елімізде болып жатқан қоғамдық-саяси оқиғалардың астарына да үңіліп жүрді. Ресей отаршылдарының қазақ жеріндегі билігін нығайта түсіп, қара қазақтың жеріне тереңдеп ене бастағанын, халықтың қабырғасы езгіден қайысып жүргенін жүрегімен сезінді, көрді. Сондай-ақ сауатсыз елдің отаршылдарға қарсы қайраны да болмайтынын білді. Сондықтан, жұрттың намысын қайрап, сауатын ашу қажеттігін мұрат етті. Қазақ өміріне бейімдеп, еркін аударған «Қырық мысал» жинағының әсері мол болды. Көкірегі ояу, көзі ашық кейбір азаматтар ақынның осы шығармаларын оқып қана қоймай, елдің санасын осы туындылар арқылы оятуға тырысты.

Ал «Қазақ» газетін шығару үлкен қиындықпен, тер төгумен жүзеге асты. Өмірде де, шығармашылықта да адал досы болған Міржақып Дулатов екеуі шағын типография сатып алып, Ахмет әліпбидегі жиырма сегіз әріптің таңбасын Қазан қаласында темірден құйдырады. Бұл басылымның сол кезеңде қазақ жұрты үшін маңызы зор болды. Газет беттерінде орыстың бай-манаптарының қазақ жерінің шұрайлы жеріне қоныстануын тоқтату, жерді қазаққа бөлу мәселесі, қазақ сыныптарын ашу және қазақ әліпбиімен оқыту сияқты ең өзекті мәселелер көтерілді. Әрбір мақаланы түзетіп, өңдеп, қайта жазып шығудың өзі қаншама еңбек еді.

1913 жылдан 1929 жылға дейінгі аралықта Ахмет Байтұрсынұлының  елі үшін, қазақтың мемлекеттігі үшін атқарған қызметтері ұлан-ғайыр. Ол қазақ әліпбиін, бірнеше оқу құралын, методикалық оқулықтар мен тұңғыш қазақ терминологиясын қалыптастырды. 1923 жылы Ахметтің мерейтойында Сәкен Сейфуллиннің «Қазақтың басқа оқығандары шен іздеп, қызмет қылып жүргенде, сол заманда Ахмет Байтұрсынов қазақ халқының қамын ойлаған жалғыз кісі еді» деген себебі сол еді. Әліпби тағдырын ана тіліміздің тағдырына балаған оның «Қазақ» газетіндегі «Хикметтің керегі – мемлекеттегі жұрттың бәрі бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, ал халыққа керегі – өз діні, тілі, жазуының сақталуы» деген жанайқайында азаттық идеясы жатқан жоқ па? Ахметтің бұл даналық ойы бүгін де өміршең.

Жанат ОҢАЛБАЕВА,

 №28 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Қармақшы ауданы,

Ақжар ауылы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<