Ұлттық домбыра күніне орай қалалық мәдени және демалыс паркінде «Ұлттың үні – Домбыра» атты мерекелік шара өтті.
Салтанатты шараға қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейілов қатысып, қызылордалықтарды тәлім-тағылымы мол ерекше күнмен құттықтады.
Содан соң бүкіл әлем мойындаған мәдени құндылыққа айналған ұлттық аспабымызды насихаттау, қалаға жақын орналасқан кент және ауылдық округтердегі мәдениет ошақтарының бәсекелестігін арттыру, ел ішінен талантты өнерпаздарды табу мақсатында ұйымдастырылған «Ел іші – өнер кеніші» байқауына қатысып, жүлдегер атанған мәдениет үйлері, жекелеген өнерпаздарға қала әкімінің арнайы алғыс хаты мен естелік сыйлықтарын табыс етті.
Байқау қорытындысы бойынша, «Шабыт» номинациясымен – сазгер, Қараөзек ауылдық клубының директоры Айдос Байкенов, «Үздік қойылым» номинациясымен – Қарауылтөбе ауылдық клубы, «Үкілі үміт» номинациясымен – Ақсуат мәдениет үйінің «Дәстүрлі ән-жыр» үйірмесі, «Үздік би тобы» номинациясымен – Ақжарма мәдениет үйінің «Жұлдыз» би тобы, «Дарын» номинациясымен – Абай ауылдық мәдениет үйінен Ізбасар Акимов марапатталды.
Сондай-ақ, дәстүрлі байқаудың жүлделі ІІІ орыны Абай ауылдық мәдениет үйіне бұйырса, Талсуат ауылдық клубы мен Белкөл кенті клубы ІІ орынды өзара бөлісті. І орынға – С.Майқанова атындағы мәдениет Үйі лайық деп танылса, бас жүлдені – Қызылжарма ауылдық мәдениет Үйі жеңіп алды.
Мерекелік шарада аталмыш байқау аясында үздік өнер көрсеткен өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып, қала тұрғындарына тамаша әсер сыйлады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<