Ұлттың жаңа болмысы  мәдениет арқылы  қалыптасады

3135

0

Кейінгі онжылдықта, яғни 2013 жылдан бері кәсіби мерекелер қатарына Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қосылды. Қай кезде де алдыңғы қатарда жүретін, мерекелерде халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін жұрт қатарлы демалуға да уақыты бола бермейтін сала майталмандары бұл күні де сахна төрінде тұрады.

Бұл күні халқымыздың бай мəдени мұрасы мен руханиятының дамуына үлес қосқан жандардың, қалам қуатымен руханиятқа қызмет еткен ақын-жазушының, өнер мен тарих тағылымын таныстырған музей қызметкерінің, білім бұлағымен сусындатқан кітапханашының, көрерменге мәнді қойылым ұсынған театр, филармония артисінің, ансамбль, оркестр құрамындағы өнерпаздың, ауылдардағы мəдениет ошақтарында қызмет етіп жүрген мамандардың еңбегі бағаланды. 

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шарада, Сыр елінің мәдениет қызметкерлері мен сала ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайда «Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас үштағаны деуге болады» деп ерекше атап өтті.

Өңірімізде Мемлекет басшысының қолдауымен бұл бағытта тың жобалар мен серпінді бастамалар жүзеге асырылуда.  Ұлттық салт-дәстүрімізді ұлықтап, құндылықтарды дәріптеу мақсатында биылғы жыл аймағымызда «Руханият жылы» деп жарияланды.  Атаулы жылға тарту ретінде 1000 орындық «Өнер орталығы»  Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызының, мәдениет майталмандарының қатысуымен салтанатты түрде ашылды. Наурыз айында Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының шешімімен Сыр өңіріне түркі дүниесінің «Ең үздік мәдени аймағы» номинациясы берілді. Бұл – облыстың Орта Азиядағы рухани, мәдени кемелденген өңір ретінде лайықты бағалануы, – деді аймақ басшысы.

Мұнан бөлек, Нұрлыбек Машбекұлы композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Таймановты 70 жас мерейтойымен құттықтады. Алдағы 23-24 мамыр күндері композитор әндерін орындаушылардың республикалық конкурсы өткізілмек.

Жиында өнер иелеріне Қызылорда облысының «Құрмет грамотасы», «Тұран» сыйлығы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің марапаттары табысталды, 8 өнер ұжымына 60 домбыра тарту етілді.

«Тұран» сыйлығына «Сыр бойы» газетінің бөлім басшысы Дүйсенбек Аяшұлы және аға тілші Ғазиза Әбілда ие болды. Әріптестеріміз Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшелері, бірнеше жыр жинақтары жарық көрген. 

Іс-шара соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты. Сондай-ақ «Қылқаламда мәңгілік ел бейнесі» атты халықаралық симпозиумға қатысушы суретшілердің көрмесі қойылды.

Айта кетейік, Сыр өңірінің мәдениет және өнер саласында көптеген жаңалық бар. Биыл мәдениет және әдебиет өкілдеріне арналған «Тұран» арнайы сыйлығы екінші мәрте табысталуда. Жыл сайын білімге құштар жастарға облыс әкімінің 100 гранты берілетіні белгілі. Аталған гранттан бөлек, қабілетті талапкерлерге Қорқыт ата университетінің «Дәстүрлі өнер» мамандығына оқу үшін қосымша 10 оқу гранты бөлінбек.

Сыр өңірінің жазба мәдениетін насихаттайтын «Алаш әдебиеті» музейін ұйымдастыру қолға алынып, жазба жәдігерлерін реставрациялауға арналған архив лабораториясы іске қосылады.

«Руханият жылы» шеңберінде облыстағы 171 мәдениет үйі мен клуб «Адал адам» тұжырымдамасы аясында қайта жаңғыртылуда. Сыр мәдениетінің негізгі бренді, жыраулық дәстүр өкілдерінің ордасы – «Жыраулар үйі» ашылды.

Биыл – дала ділмары, өз заманының қабырғалы қайраткері атанған Әйтеке бидің 380 жылдығы.  Осыған орай тұңғыш республикалық командалық айтыс Сыр өңірінде өткізілді.

«Руханият жылы» аясында атқарылатын жұмыстар легі ауқымды. Сырдария өзенінің сол жағалауынан облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты салынады. Жас ұрпақтың шығармашылығын шыңдау мақсатында «Шығармашылық академиясы», 2 ауданда «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебі» бой көтеруде.

Мәдени мұраның, ұлттық өнердің кемелденуіне үлес қосқан Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің жаңа ғимараты да еңсесін тіктеп келеді.  Жеті ауданда музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтарын біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият» орталықтарының іргетасы қаланды.

Мемлекет басшысы түркі дүниесінің темірқазығы Түркістанда өткен құрылтайда заманауи кітапхана жұмысын ұйымдастыру туралы айтқан болатын. Президент тапсырмасына сәйкес 1 маусымнан бастап Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана тәулік бойы жұмыс тәртібіне көшеді.

Өткен жылы археолог-ғалымдардың 20 жыл бойы жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесінде «Сақ жауынгері» мен «Сығанақ ханшайымының» мүсіндері жасалды. Биыл музей қоры «Түгіскен көсемі», «Жетіасар ақсүйек әйелі» алтын жәдігерлерімен толығады. Бұл құндылықтар күз айларында Ұлттық музейдегі көрмеге қойылмақ.

Былтыр елордада Астана қаласының 25 жылдығына орай «Сұлу Сырдан – ару Астанаға» атты Қызылорда облысының өнер күндері жоғары деңгейде өтті. Халықтың ыстық ықыласы мен қошеметіне ие болған мұндай іс-шара биыл Алматы қаласында ұйымдастырылмақ. 

Облыстың мәдениет ұйымдарының мамандары Италия, Беларусь елдерінде біліктілігін арттырды. Еуропадағы белгілі концерттік залдардың озық тәжірибесін жұмыс барысына енгізді. Сала мамандарын қолдау алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Биыл зиялы тұлғалардың мерейтойы халықаралық деңгейде атап өтіледі. Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығына орай Қырғызстан, Өзбекстан және елімізге белгілі суретшілердің қатысуымен өткен халықаралық симпозиум қорытындыланды. Халық батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлының 250 жылдығына орай дастан орындаушылардың республикалық фестивалі жоспарланған.  Қазақстанның Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығы аясында «Соңғы парыз» романы «ТҮРКСОЙ» ұйымының қолдауымен түрік тіліне аударылуда. Жыл көлемінде халықаралық конференция, еске алу шаралары өтеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<