Ұлттық банк төрағасын қабылдады

685

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовты қабылдады.

Мемлекет басшысына инфляцияны болдырмау жөніндегі ақша-кредит саясатының іске асырылу барысы, сондай-ақ сыртқы және ішкі секторлардағы негізгі тәуекел-қатерлерді ескере отырып, бағаның өсуін тұрақтандыруға бағытталған Ұлттық банктің жоспары жөнінде баяндалды.

Президентке валюта және ақша нарықтарындағы ахуал, елдің алтын-валюта резервтерінің жай-күйі, сондай-ақ былтырғы төлем теңгерімін алдын ала бағалау туралы есеп берілді.

Ғалымжан Пірматов Ұлттық банктің негізгі мандаты саналатын қаржы және баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған пайымы мен жоспарын ұсынды.

Президент Ұлттық банктің 2022 жылға арналған жоспарымен танысқаннан кейін бірқатар нақты тапсырма берді.

***

Мемлекет басшысы сондай-ақ Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевті қабылдады.

Президентке  2021 жылы Түркістан облысында атқарылған жұмыстар туралы есеп берілді.

Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, экономиканың негізгі көрсеткіші – жалпы өңірлік өнім көлемінің өсімі былтыр 2020 жылмен салыстырғанда 4,7 пайызға артқан. Ауыл шаруашылығы саласында 906,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 101,7 пайызды құраған. Бұл нәтиже облыстың республикадағы үлесі бойынша екінші орынға шыққанын көрсетеді. Аймақ әкімі «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 315 жоба қаржыландырылғанын айтты.

Президентке өңірдегі құрылыс қарқынының артқаны туралы мәлімет берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға бере отырып, қолға алынған жобаларды жалғастыруды және халықпен тығыз жұмыс істеу мәселесін күшейтуді тапсырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<