Ұлттық идеология дәстүрлі құндылықтан нәр алады

950

0

Белгілі жырау, Жиенбай жыр мектебінің өкілі Серік Жақсығұлов жуырда Өзбекстан Республикасының Гүлістан қаласында өткен ІІІ халықаралық Бахшы-жырау фестиваліне қатысып, «жоғары дәрежелі лауреат» (үшінші орын) номинациясын жеңіп алды.

Отыз елдің жыраулары қатысқан өнер бәйгесінде жүзден жүйрік атанып, жүлделі орынды иеленген жыраудың бұл жеңісі Сыр мәдениеті мен өнеріне қосылған сүбелі үлес деп білеміз.

Дәстүрлі өнер қайбір халықтың да түп тарихымен сабақтасып жатыр. Мысалы, Шығыстың «Шахнама», «Көрұғлы» дастандары, қырғыздың «Манас» жыры, қазақтың «Алпамыс батыр», «Қобланды батыр», «Ер Тарғын», «Қыз Жібек», «Кенесары – Наурызбай» сияқты жыр-дастандары осының дәлелі. Оның бер жағында Сыр сүлейлерінің мұрасы өз алдына тұнып тұрған қазына. Ал осынау рухани құндылықтар әр халықтың сол дәуірдегі қоғамдық, әлеуметтік даму сипатын аңғарта келіп, ел мен жерді қорғаудағы күрескерлігін, сонымен қатар, салт-сана, әдет-ғұрпын, мәдениеті мен өнерін, тұрмыс-тіршілігін, жалпы айтқанда, ұлттық ұстынын көз алдымызға әкеледі. Әлбетте, дәстүрлі өнерді насихаттау арқылы сол бабалардың асыл мұраты, аманаты бүгінгі күнмен ұштасып жатады.

Жоғарыда айтқан Бахшы фестивалінің де түп-төркіні – түркі елдеріне тән  дәстүрлі жыраулық өнерді насихаттай отырып, ғасырлардан үзілмей жалғасып келе жатқан жауһар туындыларды бүгінгі жыраулар, жыршы, шайырлар арқылы қайта жаңғырту. Айта кетейік, 2019 жылы Сырдан шыққан белгілі жырау Ұлжан Байбосынова осы өнер додасының бас жүлдесін иеленген болатын. Қатысушылардың айтуынша, фестивальде орындалған жыр, дастандардың мазмұны да түбі бір түркі жұртының асыл мұратын айқындай түсетіндей. Осы тұста Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театры басшысының шығармашылық жөніндегі орынбасары, ҚР Мәдениет саласының үздігі, фестивальдің биылғы жүлдегері Серік Жақсығұловты сөзге тарттық.

– Өнер сапарымен Өзбекстан мемлекетінде өткен Бахшы-жырау фестиваліне қатысып, жүлделі оралдыңыз. Бұған дейін де Ресей, Венгрия, Түркіменстан, Түркия, Әзербайжан елдерінде концертте болып жүрсіз. Жалпы  қазіргідей ғылым мен технологиядан бастап, мәдени құндылықтарға дейін жаһандана бастаған уақытта халықтың дәстүрлі өнерге деген көзқарасы қандай?

– Биыл ІІІ рет байрағын көтерген Бахшы-жырау фестиваліне қатысып, ерекше рухани әсер алып, шабыттанып оралдық. Әсіресе, фестивальді ұйымдастырудағы жоғары деңгейдегі жұмыстар көңілімізді аударды. Өнер бәйгесі Өзбекстан мемлекетінің Сырдария облысы Гүлістан қаласында өтті. Сырдария өзенінің бастауы, яғни, жоғарғы ағысы сол жақта. Ал біз төменгі ағысының бойында орналасқанбыз. Жыр додасының осынау Сыр өзенінің бойында өтіп жатқаны, өнердің өлмейтінін, рухани құндылығымыздың мәңгі екенін еске салып тұрғандай. Екі жарым мың көрерменге арналған амфитеатрда ұйымдастырылған бахшы-жыраулар өнерін өзбек ағайындар үш күн бойы тамашалады.

– Сіз қай шығарманы орындадыңыз?

– Мен «Көрұғлы» дастанын орындадым. Бұл дастанды ХІХ ғасырдың аяғында Дүзбенбет жыраудың баласы Жиенбай ала келген екен. Жиенбай жыраудан бері қарай Көшеней, одан Рүстембек, Бидас, Арнұр жыраулар осы жырды бүгінге дейін саф қалпында сақтап жеткізген.

Осынау алқалы жиында аңғарғанымыз, қазақ дәстүрлі өнері, оның ішінде Сыр бойындағы сүлейлер мұрасы жоғары деңгейге көтерілген екен.

Осы орайда айта кетейік, Сыр елінде екі жылда бір рет өтетін дәстүрлі «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фестивалі бар.

 Ең алғаш 2006 жылы ТҮРКСОЙ ұйымы бірлесіп түркітілдес елдердің ұлттық фольклорлық музыкалық өнерін дәріптеу, мәдени байланысты нығайту мақсатында бастау алған халықаралық фестиваль 2019  жылы бесінші мәрте өткізілді. Оған Түркия, Иран, Әзербайжан, Сербия, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан, Саха республикаларынан және еліміздің әр өңірінен белгілі ғалымдар мен өнер иелері, шығармашылық ұжымдар қатысқан.

–Қандай ой-пікір түйіндедіңіз?

–Біріншіден, халықаралық фестивальдің негізгі мазмұны сақталуы керек. Мысалы, қатысушылар өз мүмкіндігін барынша көрсете алатындай бірнеше күнге ұласқан өнер жәрмеңкесі болғаны жөн. Жырдың ең күрделі әрі мазмұнды түрі – қисса, дастандар. Олай болса, кешегі Тұрмағамбет, Жиенбай, Нұртуған, Балқы Базар, Нартай жыраулардың ізімен таңды таңға ұрып жырлау дәстүрін жаңғыртып, дастандар орындауды ережеге енгізу қажет деп ойлаймын. Сондай-ақ, дәстүрлі қазақ-қырғыз айтыстарын қайта жалғастырсақ артық болмас еді.

Бұдан бөлек, облыс деңгейінде жыраулар байқауының аясын ұлғайтып, аймақтағы әрбір жыр мектебінің жұмысы назардан тыс қалмай, лайықты насихатталуы керек. Сонда тыңдарманның да сұранысы артады. Айталық, Арқа, Жетісу өңірінде Жәнібек Кәрменовтің, Әміре Қашаубаевтың атында жыр байқаулары өтеді. Жүлдесі де жоғары. Кете Жүсіп, Көшеней жырау атында байқаулар ұйымдастырып, оның ішінде аға буын жыраулар мен жас жыршылар арасында өзінше бөлек жыр жүйріктерін анықтауға көңіл бөлгеніміз жөн.

Жалпы Сыр бойында тек ел ішінде ғана емес, әлем назарына ұсына алатын дәстүрлі құндылықтарымыз бар. Тек соны заманауи талаптарға сай таспаға түсіріп, одан әрі ғылыми тұрғыда пайдаға жарата білсек болғаны. Осы жұмыстар мемлекеттің қолдауымен жүйелі жүргізіліп отырса, дәстүрлі өнердің ұрпақ тәрбиесіне тигізер ықпалы ұлан-асыр болмақ.

Мәдениет пен өнер – халықтың қазынасы. Тек сол қазынамызды көздің қарашығындай қорғай білуіміз қажет. Қорғай білу дегенде айтпағымыз, құжат күйінде қағазға түсіріп, қаттап жинап қою емес, жарқыратып дүйім елдің назарына ұсыну керек. Ұлт мәдениетін айшықтайтын туындылар әлем сахналарында орындалғанда, жас ұрпақтың жүрегін мақтаныш кернеп, төл өнердің тәлімін бойына сіңіре білсе, бұл – үлкен жеңіс. Қысқасы, осы күні әрбірімізді толғандыратын ұлттық идеологияның да түп-тамыры осында жатқан секілді…

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<