«Ұлттық киім – ұлт ажары»

1498

0

ҚР чемпионаты аясында Сыр өңірінде «Ұлттық киім – ұлт ажары» атты облыстық ұлттық киімдер байқауы ұйымдастырылды. Мәдени-танымдық маңызы бар іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов және ҚР «Бәйге» федерациясының президенті Қанат Көпбаев қатысты.

Мемлекет басшысы маңызды бір жиында «Халқымыздың төл мәдениеті салт-дәстүрден, әдет-ғұрыптан бастау алады. Ұлттық киімнің өзі – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі. Ұл-қыздарымыз ұлттық киімді Наурыз мейрамында не болмаса басқа мерекелерде ғана емес, күнделікті киіп жүрсе жарасымды болар еді» – деген болатын.

Ұлттық киімдер байқауына 50-ден астам қыз-келіншек қатысты. Ұлттық нақышқа сай ою-өрнектермен көмкерілген зерлі шапан, етек-жеңі желбіреген кең көйлек, қынама бел қамзол, құндыз бөрік, үкілі тақия қыз-келіншектердің ажарын ашып, айрықша көз тартты. Сондай-ақ, аналардың әсем де үйлесімді сәукелесі мен ақ кимешегі тәлім-тәрбиенің үлгісіндей танылды.

Ел назарына ұсынылған ұлттық киімдердің дәстүрімізге сәйкестігі, ою-өрнектің мән-мағынасына сай лайықты орналасуы, сонымен бірге, шеберлік еңбектің деңгейі шығармашылық көзқарас тұрғысынан бағаланды.

Байқау демеушісі 1 миллион теңге жүлде қорын ұсынған болатын. Бұл орайда I орынды жеңіп алған Айгерім Әділбаева 500 мың, II орын иегері Ақерке Жақыпова 300 мың, III орын жүлдегері Қарлығаш Ильясова 200 мың теңге қаржылай сыйлықтармен марапатталса, 100 мың теңге көлеміндегі ынталандыру сыйлығы Көркемай Ақбисенова және Кәмшат Дастанова сынды қатысушыларға табысталды.

Байқаудың мән-мазмұны туралы қазылар алқасының төрайымы, Қазанғап атындағы Қызылорда жоғары музыкалық колледжінің директоры Ұлжан Байбосынованың пікірін білген едік.

– «Ұлттық киім – ұлт ажары» атты байқау аймағымызда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Десек те аты айтып тұрғандай, бұл іс-шараның тарихи-мәдени, тіпті рухани-танымдық маңызы зор. Қазіргідей жаһандану кезеңінде төл мәдениетіміздің, дәстүр құндылығымыздың, жалпы ұлттық табиғатымыздың жойылып кетпей, өз деңгейінде сақталып қалуына осындай іс-шараның әсері мол. Әсіресе, өскелең ұрпақ өзгеге еліктемей, өзіміздің ұлттық ерекшелігімізді танып-біледі.

Байқау шартына келсек, біріншіден, жас ерекшелігі, одан кейін тарихи кезеңге және өңірлік ерекшелікке байланысты, сосын заманауи үлгідегі әзірленген киімдердегі дизайнерлер еңбегі сараланып отырса, насихаттық деңгейі ұлғая түсер еді. Қорыта айтқанда, байқауды әрі қарай дамытып, алдағы уақытта тым болмаса, екі жылда бір рет өтетіндей жағдай жасалса, идеологиялық тұрғыда тәрбиелік ықпалы зор деп ойлаймын, – дейді Ұ.Байбосынова.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<