Биыл сегізінші мәрте өткізілгелі отырған мерейлі шараға қатысуға ниет білдірушілер жылдан жылға артып келеді.
Облыстық әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Каримова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте адамгершілік құндылықты жаңғыртып қана қоймай, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған ұлттық конкурстың маңыздылығын атап өтті.
– Жылдағы дәстүрмен биыл да «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын бастағалы отырмыз. Бұл жобаға көпшілік үлкен қызығушылықпен қатысып жүргенін көріп отырмыз. Облыста 150 мыңға жуық отбасы бар. Оның 47 мыңнан астамы көпбалалы отбасы. Отбасы күні қарсаңында бірқатар шаралар атқарылмақ. Ең маңыздысы – «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы. Байқауға өткен жылы қала және аудандардан барлығы 182 отбасы қатысқан болатын. Биыл 200-ден аса отбасы өтініш білдіреді деген үміттеміз, – деді Қ.Каримова.
«Мерейлі отбасы» байқауы үш кезеңнен тұрады: бірінші кезең – аудандық (қалалық), екінші кезең – облыстық, үшінші кезең – республикалық. Байқаудың алғашқы кезеңі бойынша құжат қабылдау 15 маусымға дейін жалғасады. Айта кетейік, соңғы 3 жылда сырбойылық отбасылар республикалық кезеңнің жеңімпазы атанды. Былтыр байқаудың бас жүлдесін Шиелі ауданының Әбілдашовтар әулеті иеленді.
Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<