25 қазан – Республика күнін сырбойылықтар кең көлемде әрі айшықты атап өтіп жатыр. Ол үшін іс-шаралар жоспары бекітілді. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов ұлттық мерекенің мазмұнын байыту бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Бұл мереке ұлттың өзіндік болмысын, біртұтастығын және егемендікке жету жолындағы қайсар күресін көрсетеді.
– Республика күні — тәуелсіздіктің асқақ символы. Бұл мереке халықтың елдікті сақтау және әділетті Қазақстан құру жолындағы ынтымақтастыққа ұмтылысын көрсетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болу керек» деген болатын. Бүгінде татулықты ту еткен халқымыздың бағындырған белестері, алған асулары аз емес, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Аймақта мерекелік іс-шаралар 18 қазаннан басталғанын айтуға тиіспіз. 21-26 қазан аралығында қайырымдылық ұйымдары мен ерікті азаматтар әлеуметтік осал топтағы тұрғындарды қолдау мақсатында «Жанашыр жүрек» атты жаппай қайырымдылық акциясына дәнекер болып отыр. 23 қазанда Халық артисі С.Майқанованың 110 жылдығына арналған «Театр. Өмір. Сахна.» атты салтанатты кеш, ауыл спортшылары арасында «Алтын күз-2024» атты облыстық спартикада ұйымдастырылды. 24 қазаннан бастап «Қыран елім – Қазақстаным!» акциясы аясында мемлекеттік Әнұранды жаппай орындау, көпқабатты үйлердің балкондарында мемлекеттік Туды орналастыру бойынша флэш-мобтар, Отан туралы шығармалар орындау челлендждері ұйымдастырылады.
Ұлттық мейрам аясындағы іс-шаралардың негізгісі – 24 қазан күні облыс әкімінің қатысуымен өткен салтанатты кеш. Онда еліміз бен облыстың дамуына сүбелі үлес қосқан жерлестеріміз марапатталды. Ал бүгін аудандар мен Қызылорда қаласында мемлекеттік рәміздер аллеясында «Қыран елім – Қазақстаным!» атты Мемлекеттік туды салтанатты көтеру шарасына ұласады.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<