Ұлттық құндылық – ұлт айшығы

736

0

Фото автордан

Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кенті «Күнекей» бөбекжай–бақшасы ұжымының ұйымдастыруымен «Ұлттық құндылық – тәрбиенің қайнар көзі» атты іс-шара өткізді. Семинарға қалалық ардагерлер кеңесі төраға орынбасары К.Ермағамбетова, қалалық білім бөлімі жанындағы ардагерлер кеңесі төрағасы М.Бәйімбетов, Тасбөгет кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Р. Молдашев, №176 мектептің ардагерлер кеңесінің төрайымы Қ. Шаймағанбетова және басқа да сала ардагерлерінің төрағалары қатысты.

Қалалық ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары Күләйім Ермағамбетова семинарды ашып, наурыз айындағы өткен мерекелерімен және қасиетті рамазан айымен құттықтап, іс-шараға сәттілік тіледі.

Семинарға қатысушылар алдымен «Ұлттық құндылықтар–сенімді бойтұмарымыз» атты музыкалық қойылым бойынша «Бесікке салу» рәсімін тамашалды. Тәрбиешілер көрсеткен бұл қойылым шынайы әрі өте сәтті шықты. Баланы бесікке салар алдындағы жөн-жоралғыларын көрсетіп, шақалақты бесікке бөледі.

«Ою-өрнек сыр шертеді» бөлімі бойынша «Ақжелкен» ересектер тобының балалары қазақ ою-өрнегінің қыр-сыры мен оның мән-мағынасын жан-жақты баяндаулары жанға жылылық ұялатты.

«Әжемізге қонаққа барамыз» атты әжелер мектебінің жұмысы көрермендерді зор әсерге бөледі. Мұнда «Қуаныш» тобының көрсеткен өнері бәрінен басым болғандай. Бұл топтың балалары көк түсте киінгендері топ ажарын аша түскендей.  Ауылға барған балалар әжелеріне көмектесіп жүн түтіп беріп, құрт жасағандары, қазақтың ою-өрнегі арқылы құрақтарды қиюластыра білулері балалардың сана сәулесін аша оятқандай әсер қалдырды. Бүлдіршіндердің әжесіне арнап «Әжемнің шайы» атты орындаған әндері ауылдағы ақ кимешекті ақ әжелерді көз алдыңа әкелгендей сезімге бөледі.

Осыдан соң әкелер мектебінің жұмысы да өз ерекшелігімен есте қалды. «Әкеге қарап ұл өсер» атты көрсетілімде әкенің ер бала тәрбиесіндегі рөлінің айрықша екендігін айшықтай білді. «Шаттық» ересектер тобының ер балалары өз әкелерімен бірігіп бойындағы өнерлерін ортаға салуы семинар жұмысына қатысушылардың көңілінен шықты. Онда балалар алдымен өздерін таныстырып, әкелерімен бірігіп жасаған қол өнерлерін де көпке көрсетті. Жасаған заттардың атауларын атап, оның қадір-қасиеттерін, ұлттық құндылығы мен мән-мағынасын хәл-қадірлерінше түсіндірді.

Аналар мектебінде «Халық дәстүрі – асыл қазынам» бойынша ұлттық құндылықтарымыз жөнінде топ жетекшісі Гүлнұр Күзембаева түсіндіріп берді.

 Осыдан соң салт –дәстүрімізде берік орын алған  «Тұсаукесер» рәсімін өткізді. Қалалық ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары К.Ермағанбетова сәбидің тұсауын кесіп, оның өмірге аттаған жаңа қадамына ақжол мен сәттілік тіледі.

Семинар жұмысын қорытындылаған «Күнекей бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Мөлдір Өмірғалиева қатысушылар мен қонақтарға жылы лебізін жеткізді. Семинар жұмысының жоғары деңгейде өткенін атап өткен қалалық білім бөлімі жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы М. Бәйімбетов «Ұлттық құндылығымыз – ұлттық айшығымыз» дей келе, әрқашан осындай тәрбие жұмыстары жалғасын таба беретініне сенім білдірді.

Ұлттық құндылық – ұлт айшығы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<