Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда ұлттық құндылықтарды жан-жақты дәріптеп, ата-бабадан қалған мәдени-мұраны заман талабына сай жаңғыртып, насихаттау қажеттігін атап өткен болатын.
Президенттің айтуынша, адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас үштағаны деуге болады.
– Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі. Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз, – деді Президент.
Халық тәрбиесі – ғасырлар бойы сараланып, ұлттық тәлім-тәрбие дәстүрімен тығыз байланыста дамып ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан елдің мәдени мұрасы. Бүгінде өткеннің бай рухани мұрасын өн бойына дарытқан озық өнегелі дәстүрсіз, ұрпақтар сабақтастығынсыз тарихи процесті елестету мүмкін емес.
Облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен К.Қаракөзов атындағы №235 мектеп-гимназиясында «Ұлттық құндылықтар – тәрбие негізі» тақырыбында облыстық семинар өтті.
Семинарға «Ұлттық құндылықтар академиясы» қоғамдық басқармасының төрағасы Дүйсебек Әділхан, Білімді дамыту институтының директоры Ерұлан Жиенбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, облыстық білім басқармасы тәрбие бөлімінің басшысы Бекнұр Қалиев қатысты.
– Бабадан мирас болған ұлттық құндылықтарымызды қорғай отырып, ұрпақ бойына сіңіру біздің міндетіміз. Тәрбие тізгінін жіберіп алмау керек. Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып жиі дәріптеліп отырғаны абзал. Осындай мақсаттағы жиындар көптеп өткізілуі керек. Бұл ұрпақ тәрбиесінде аса маңызды рөл атқарады, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Әбішұлы.
Семинар қорытындысында мектеп оқушыларының қатысуымен ұлттық ойындар дәріптеліп, түрлі жобалар таныстырылды. Бала тәрбиесіне байланысты келелі көзқарас, тұщымды пікірлер айтылды.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<