Ұлттық құрылтай құрамы бекітілді

1124

0

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай құру туралы Жарлыққа қол қойып, оның ережесі мен құрамын бекітті.

Жаңа қоғамдық институттың құрамына белгілі композитор, Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақанов, ақын Мұхтар Шаханов, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, белгілі журналист Сейдахмет Құттықадам, математик ғалым, академик Асқар Жұмаділдаев, экономист Жақсыбек Күлекеев,  Парламент депутаттары, саяси партиялардың, бизнестің ірі салалық бірлестіктерінің өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, журналистер, ғалымдар мен спортшылар, қоғам белсенділері кірді. Ұлттық құрылтайға барлығы 117 адам мүше болды.

Құрылтайдың ең басты ерекшелігі – оның құрамына әр өңірдегі қоғамдық кеңестердің бір мүшесі енді. Біздің өңірден облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Қылышбай  Бисенов бар.

Президент жаңа құрылымның құрылатыны жайында ең бірінші рет наурыздағы Жолдауында «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарды. Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынамын. Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін  жалпыхалықтық деңгейде жалғастырады.

Құрылтай қоғамдық диалогтың біртұтас институционалдық моделін қалыптастыруға тиіс. Сөйтіп, билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналатын болады. Қазіргі қоғамдық кеңестердің бәрін өз айналасына топтастырады.

Ұлттық құрылтайдың құрамында  еліміздегі барлық аймақтың өкілдері болады. Сондай-ақ, оған  Парламенттің бірқатар депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Азаматтық альянстың, қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың мүшелері, беделді қоғам қайраткерлері, өндіріс және ауыл шаруашылығы еңбеккерлері, бизнес өкілдері және тағы басқа азаматтар кіреді. Осылайша, сан түрлі қоғамдық пікір иелерін түгел қамтитын  өкілді құрылым қалыптасады. Ұлттық құрылтай мүшелері маңызды мәселелерді талқылау үшін тұрақты түрде бас қосып отырады» деген болатын.

ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Facebook парақшасында «Барша қазақстандықтар Ұлттық құрылтайдың хатшылығына өз ұсыныстарын жолдай алатын арнайы онлайн-платформа құрылғанын айрықша атап айтқым келеді. Осылайша, Ұлттық құрылтай жаңарған Қазақстанды құруға өз үлесін қосқысы келетін азаматтардың жалпыұлттық ұйысуына өзек болады» деп жазды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<