Ұлттық жоба ауыл халқына қаншалықты көмек көрсете алады?

531

0

Мемлекет ауыл мәселесін естен шығарған емес. Ауылдың экономикалық, әлеуметтік дамуын, әлеуетін көтеру бағытында бағдарламалар қабылдануда. Ауылдағы интернет, білім, денсаулық саласы бойынша түрлі жұмыстар атқарылуда. Дегенмен, елімізде қала халқының үлесі басым. Қала тұрғындарының пайызы тұрақты түрде өсіп келеді. Кейінгі 20 жыл ішінде қала тұрғындарының үлесі 2003 жылғы 57%-дан 2023 жылы 62%-ға дейін өсті.

Естеріңізде болса, біршама уақыт бұрын еліміздің аймақтарын дамыту мақсатында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобаны іске асыру қолға алынған еді. Бірнеше министрлік біріге дайындаған жобаның мақсаты – әрбір өңірдің даму көрсеткішін, экономикасын ілгерілетіп, Мемлекет басшысы ұстанған «тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын құру» саясатын іске асыру. Тиісінше, ел бюджетінен қаржы бөлініп, бүгінде жоспарланған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы орайда Қызылорда облысында атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарға тоқталсақ.

Облыстық экономика және қаржы басқармасының мәліметінше, ұлттық жоба аясында жыл басынан бері ұзындығы 25,2 шақырым облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына құрылыс және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. «Жалпы сипаттағы трансферттер» бағдарламасы бойынша ұзындығы 177 шақырым құрайтын облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары жөнделуде. Сумен жабдықтау және су бұру бойынша 14 жобаға қаржы бөлінген.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мәліметінше, бүгінде Қызылорда, Арал, Қазалы, Байқоңыр қалалары орталықтандырылған ауызсу жүйесіне 100 пайыз қосылған. Ал облысқа қарасты 230 елді мекеннің 98,1 пайызы тіршілік нәрін толықтай тұтына алады. Бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу мақсатында биыл «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары бойынша 23 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Осы жобалардың нәтижесінде жыл соңына дейін ауыл тұрғындарының 98,4 пайызы таза ауызсумен қамтылмақ.

Сондай-ақ, ұлттық жоба аясында биыл облыста 1346 пәтерді құрайтын 26 тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы шеңберінде 2023 жылы 211 жобаға 11632,8 млн теңге бөлінді. Оның ішінде Ұлттық Қордан бөлінгені 6080,6 млн теңге, жергілікті бюджеттен 5552,1 млн теңге. Білім, спорт, мәдениет, денсаулық салалары бойынша 959,6 млн теңге қаралып, Жаңақорған, Шиелі,  Сырдария, Қармақшы аудандарында нысандарды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қызылорда қаласы мен аудандарға қарасты елді мекендерде 176 км құрайтын көшелер жөндеу жұмыстары жүзеге асырылуда.

Ұлттық жоба аясында осындай ауқымды жұмыс атқарылуда. Дегенмен, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы урбанизацияның одан әрі өсуін көздейді. Айталық, қазіргі жағдайда ауылдық жерлерде туу көрсеткіші қаламен шамалас. Былтыр ауылдардың туу көрсеткішіне қосқан үлесі олардың елдегі халық санындағы үлесі – 40%-ға сәйкес келді. Ауыл тұрғындарының қалаға көшуі толастамай отырғанын ескерсек, олардың үлесі азайып барады.

Жалпы, жақын болашақта қазақстандықтардың айтарлықтай бөлігі ауылдық жерлерде өмір сүретіні анық. Бұл тұрғыда «Қуатты аймақтар – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы ауыл тұрғындарына қаншалықты көмек көрсете алады?

Ауыл мәселесінің шешімін ең алдымен осы ұлттық жобадан, сондай-ақ осыған байланысты «Ауыл – ел бесігі» жобасы мен биыл наурыз айында қабылданған Қазақстан Республикасының 2023-2027 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасынан іздеген дұрыс болар еді. Бұл ретте Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы да өте өзекті. Бірақ бұл ұлттық жоба ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайына емес, агробизнеске қатысты.

Айта кетерлігі, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жалпыұлттық жобасының бір бөлігі ғана ауыл мәселесіне қатысты. Ұлттық жоба шығыстарының жартысына жуығы республикалық көлік инфрақұрылымына, жолдар мен әуежайларға жұмсалатын шығыстар. Ал қалған жартысында қалалардағы инфрақұрылымдық шығыстар басым. Демек, ауылдық аумақтарды дамытуға республикалық жоба шығындарының шамамен 14%-ы ғана тиесілі. Оның өзі тек тіректі елді мекендер мен серіктес ауылдарды жаңғыртуға, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін, сондай-ақ су тазарту жүйелерін салуға, ауылға жұмыс істеуге келгендерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған.

Ұлттық жобада «даму әлеуеті бар» тіректі және серіктес ауылдарды дамыту көзделген. Негізінде, Қазақстанда 6,4 мыңнан астам ауылдың 3,5 мыңға жуығының ғана даму әлеуеті бар екен. Оның ішінде 1,1 мыңнан астам тірек ауыл болса, қалған 2,3 мыңнан астамы серіктес ауылдар немесе шекаралас елді мекендерге саналады. Қарапайым тілмен айтқанда, осы ауылдарды дамытуды ғана республикалық органдар өз мойнына алады.

Ал қалған 2,7 мың ауылдық елді мекендерге келетін болсақ, олар тұжырымдамаға сәйкес «жергілікті бюджет және өзге де көздер есебінен» дамитын болады. Әңгіме шағын және негізінен күйзеліске ұшыраған елді мекендер туралы болып отырғанын ескерсек, «жергілікті бюджет және басқа да көздерден» қаржыландыру көлемі аз болатыны анық. Айта кетсек, соңғы кезге дейін Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасында 6,8 мың ауылдық елді мекен туралы айтылған болатын. Сондықтан, жаңа статистикадан ауылдық елді мекендерді тарату жұмыстары қарқынды жүріп жатқаны көрініп отыр.

Оған қоса, елді мекеннің ұлттық жобада тіректі немесе серіктес ауылдар тізіміне енгізілуі мұндай ауылдың дамуына мүлдем кепілдік бермейді.

«2025 жылға қарай ел тұрғындары толықтай ауызсумен қамтылып, қала аумағын сарқынды судан тазарту мәселесі толыққанды шешіліп, инженерлік желілердің тозуы 12 пайызға дейін төмендейді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы ауылдарда 12 мың шақырым инженерлік желі, 10 мың шақырым кентішілік жолдар мен 1,5 мың әлеуметтік нысандар салынып, жөнделеді. Елді мекендердегі жолдардың барлығының сапасы жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жеткізіліп, үш жарым мыңнан астам ауылдың инфрақұрылымы жақсарады. «Жайлы тұрғын үй» бағыты шеңберінде белгілі санаттарға жататын 180 мыңнан астам адамның жалға алған тұрғын үйге кететін шығысын субсидиялау, жүз мыңнан астам әлеуметтік жалға берілетін және кредиттік, жұмыс істейтін жастар үшін 15 мың тұрғын үй салу, сонымен қатар, өз қызметкерлері үшін ауылдық жерден үй салған жұмыс берушілердің шығындарын жабу жұмыстары атқарылады. 103 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға беріліп, жеке құрылыс бастайтын тұрғындардың 235 мың жер телімі инфрақұрылыммен қамтылады» – делінген ұлттық жобаның төлқұжатында.

Бірақ 2022 жылдың басында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асырудың алғашқы үш жылында тірек және серіктес ауылдардың 18 пайызында ғана жаңғырту жобалары жүзеге асырылды. Демек, қалған төрт жылда ауылдардың қалған 82%-ында жоспарлы жұмыстар атқарылуы керек. Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, 2023 жылға «даму әлеуеті бар» ауылдық елді мекендерге қаржы бөлу қарқынын екі есе арттыру жоспарлануда. Бірақ, бұл шара да толық жүзеге асырылмауы мүмкін.

Тағы бір айта кетерлігі, болашағы бар ауылдық елді мекендерді дамыту бағдарламасы қамтитын салалар да санаулы. Негізінен, сумен жабдықтау және су бұру сияқты таза тұрмыстық инфрақұрылымға бағытталған. Әрине, мұндай инфрақұрылымсыз жайлы өмір сүру қиын. Дегенмен, ауыл тұрғындарының мүлдем басқа типтегі инфрақұрылымға сұранысы жоғары. Көпшілік үшін ауылдың басты мәселесі су емес, өмір сүру сапасының төмендігі, мәдениет және демалыс орындарының жеткіліксіздігі. Басқаша айтқанда, ауыл халқы қалаға ауызсу үшін көшіп жатқан жоқ.

Қазіргі жағдайда ауыл халқының азайғаны заңды процесс шығар. Бірақ «басқа» ауылдық елді мекендерден қалаларға, сондай-ақ «даму әлеуеті» бар ауылдарға көшіру республикалық жобамен қолдау тапқан ауылға қаладан мамандарды көшіруден кем емес қолдауды қажет етеді. Сыртқы көші-қон ғана емес, сонымен қатар ішкі миграция да шешуді қажет ететін көптеген күрделі мәселелер тудырып отыр.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<