Бүгінде Қазақстан халқы ассамблеясы – ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісімнің ерекше моделін қалыптастырған мәртебелі институт. Алаштың анасына баланған қасиетті Сыр өңірінде де ассамблеяның барлық құрылымдары жемісті жұмыс жүргізіп келеді. Оның қатарына 11 этномәдени, аудандарда 5 этнобағытталған бірлестік, 113 аналар және 165 қоғамдық келісім кеңесі, ғылыми-сарапшылық топ, медиация кабинеті, Қорқыт ата атындағы университетте «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасы, волонтерлер, журналистер мен сарапшылар клубы, «Ассамблея жастары» ұйымы кіреді.
Мемлекет басшысының нақты тапсырмалары мен міндеттемелерін орындау аясында «Достық үйінде» облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ХХIV сессиясы өтті. Оған зиялы қауым, облыстық мәслихат депутаттары, онлайн түрде аудан әкімдері, этномәдени бірлестік жетекшілері, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
«Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның негізі» атты тақырыптағы сессия отырысын қоғамдық даму басқармасының басшысы Мира Қазбекова жүргізді. іс-шараның ашылуымен құттықтаған облыс әкімі тәуелсіздік жылдарында елімізде ассамблеяның этносаралық татулыққа бағытталған кең көлемді жұмыстар атқарғанын айтты.
– Ұлы дала төрінде бір шаңырақтың астында 100-ден астам, Сыр өңірінде 35 этнос өкілі тату өмір сүруде. Олар мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі мен Жаңа Қазақстанды бірге құруға өз үлестерін қосуда. Халқымыздың «Тілі басқа болса да, тілек бір, бармақ басқа болса да, білек бір» деген дана сөзінің мақсаты да осы. Мемлекет басшысы ассамблеяның 31-сессиясында жаңа мемлекеттік модельге, мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа форматына көшу қажеттілігін атап өтті. Нәтижесінде Ата заңымызға түзетулер енгізуге байланысты жалпыхалықтық референдум өз дәрежесінде ұйымшылдықпен өткізілді. Референдум өткізуге бірлік пен бірегейлікті көрсеткен Сыр халқы да, оның ішінде этнос өкілдері мен этномәдени бірлестіктер де жоғары деңгейде атсалысты. Бұл – халқымыздың ауызбірлігінің айқын көрінісі. Осылайша, біз дамудың жаңа кезеңіне қадам бастық, – деді облыс басшысы. Сонымен қатар аймақ экономикасының тұрақты дамуы мен тұрғындардың әлеуметтік жағдайының артуы елдегі қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықтың айқын көрінісі екенін атап өтті.
Аймақ басшысы Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың Жаңа Қазақстан үшін маңызын айтып, құрылтай құрамына енген облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, техника ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Қылышбай Бисеновті құттықтады.
Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының қоғамдық негіздегі төраға орынбасарлығына өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Қахар Дадашев тағайындалды. Жаңа төраға орынбасарының жұмысына сәттілік тілеген облыс әкімі осы қызметті бұрын атқарған неміс этномәдени бірлестігінің жетекшісі Ирина Шекке алғыс білдірді.
Сессияда облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов ұлттық бірегейлікті нығайту жолдары мен тетіктері төңірегінде сөз қозғады.
– Еліміздегі маңызды саяси үдерістердің куәсі болып отырмыз. Әлемдік күрделі геосаяси жағдайда демократиядан гөрі, ұлттардың өзін-өзі сақтау инстинкті алдыңғы қатарға шықты. Қазақ елі осы ұстанымға сүйеніп, береке-бірлігімізге абай болуымыз маңызды. Ұлттық мүддені қорғаудың озық үлгісін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытаудағы құрылтай мен Санкт-Петербургтегі экономикалық форумда ашық көрсетті. Азаматтардың үнемі көтеріп жүрген тіл мәселесі өте нәзік саясатты талап етеді, – деді мәслихат хатшысы.
Халқымыз қашанда ұлт болашағын анамен байланыстырған. Ұрпақты жастайынан тарихын білуге, салт-дәстүрін қадірлеуге, бойына ұлт намысын сіңіруге еңбек етеді. Осы ретте республикалық «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасының маңызы зор. Жоба жайлы «Атамекен» балалар ауылының директоры, облыстық ассамблея жанындағы аналар кеңесінің мүшесі Лиза Сқақова кеңінен әңгімеледі.
– Балалар ауылында түрлі ұлттың өкілдері тұрады. Біз ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың бақытты балалық шағы үшін жұмыс істейміз. Ұлттық және отбасы құндылықтарын бойларына сіңіріп, тәрбие бергеніміздің бір дәлелі – өмірден өз орнын тапқан түлектеріміздің көбісі ата-аналарын қолдарына алып, ұйымшыл отбасына айналды. Бұл да – біздің үлкен жетістігіміз, – деді ол.
Қай заманда да БАҚ-тың интеллектуалдық, потенциалдық әлеуеті саяси және дипломатиялық тұрғыдан зор күшке ие. Сондықтан, медианың әлеуеті арта береді, өзектілігін ешқашан жойған жоқ. Осы ретте «Хабар 24» арнасының облыс бойынша меншікті тілшісі, педагогика ғылымдарының магистрі, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы журналистер клубының мүшесі Нұрлан Жақыпбеков жаңа медиа мен дәстүрлі БАҚ-тың аражігін ажыратып, саралап берді.
– Қазіргі заман бұрынғы медианың дәуірінен әлдеқайда интерактивті дәуірге өтіп кетті. Бұған интернет басты себеп болды. Әлеуметтік желілер жұртшылықтың назарын жаңа медиаға бұрды. Өйткені оның мүмкіндігі шексіз. Коммуникация екі бірдей бағытта жүреді. Өте интерактивті, өте жылдам. Мысалы, қазір смартфон үлкен күшке ие. Қандай да бір оқиғаны бірінші түсіріп, интернетке жариялаған адам «батыр» болып шыға келеді. Бірақ, әлеуметтік желі қолданушылардың барлығы бірдей тексерілген ақпаратты таратып жатыр дей алмаймыз. Оның шынайылығын тексеру үшін тағы да ресми ақпарат көздеріне жүгінеміз. Ресми сайт, газет, телеарнадан қараймыз. БАҚ-тың ағартушылық рөліне де басымдық беру керек деп ойламын. Дүниені дүрбелеңге салған COVID-пен күрес кезінде үйге еріксіз қамалған ел тұрғындарына ауруды жеңудің жолдарын айтқан дәрігерлердің ақыл-кеңесі БАҚ арқылы жетті. Осы тұста, оның ағартушылық маңызы айқын көрінді. Бұрын-соңды білмейтін ем-шараларды нағыз мамандардың, дәрігерлердің өзінен естігесін үрей де басылды. Мамандар пандемияға байланысты ақпаратты қалың бұқара тек ресми ақпарат көздерінен алғанды жөн санайтынын арнайы зерттеулер нәтижесі арқылы анықтаған. Демек, «телеарнаны қарамайды», «газетті оқымайды» деген шындыққа жанаспайтынын байқаймыз. Бұл аудитория ешқайда жоғалған жоқ. Тек платформасын өзгертті, яғни БАҚ сайтынан немесе мобильді нұсқадан, әлеуметтік желілердегі парақшаларынан, YouTube арнасынан қарайтын болды. Бүгінде дәстүрлі БАҚ жаңа медианың мүмкіндіктерін барынша пайдаланып жүр, – деді тележурналист.
Жалпы сессия барысында ауқымды тақырыптарды қаузаған бірнеше баяндамалар оқылды. «Техноснастка-Ремсервис» ЖШС директоры, меценат Илларион Ли жастарды жеке кәсіппен айналысуға шақырса, «Мансап» мектебінің құрылтайшысы Наталья Мишукова тәрбиеші мамандығы бойынша оқитын студенттерге логопедия және дефектология негіздерін үйретуді ұсынды.
Сессияны қорытындылаған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыстық ҚХА мен осы салаға жауаптыларға тапсырмалар беріп, 6 тармақтан тұратын міндетті орындауды жүктеді. Елдегі бірлікті сақтауда ассамблеяның саяси маңызын арттыру, өңірдегі аналардың түйткілді мәселесін шешу үшін «Аналар үйін» ашу, республикалық «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында жүйелі жұмыстар жүргізу, бірлік пен татулық нышаны «Халық достығы» аллеясын салу, «Рухани жаңғыру» орталығын ҮЕҰ үйі ретінде ашуды және өзге де тапсырмалар берді. Бір мақсат, бір мүдде жолында жұмыла еңбек етіп, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетуге шақырды.
– Қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау – баршамыздың міндетіміз. Өмір көшінде тағдыр тәлкегіне ұшыраған жүзден астам этносты құшағына сыйдырған Ұлы дала – бүгінде баршамыздың ортақ Отанымызға, құтты қонысымызға айналды. Ел еңсесін түзеп, халқы бірлікпен тірлік кешкен тәуелсіздік жылдары бізді ұлттық біртұтастыққа, игі іске ұйыстыратын, көздеген мақсаттарымызға жеткізетін қажетті алғышарттардың барлығы жасалды. «Дамудың сыры бірлікте, табыстың сыры тірлікте» демекші, бір мақсат, бір мүдде жолында жұмыла еңбек етуіміз керек, – деді облыс әкімі.
Іс-шара соңында жалпыхалықтық референдумды өткізуге, ақпараттық-насихаттық жұмыстарға араласып, жауапкершілік танытқан белсенділерге Мемлекет басшысының Алғыс хаты тапсырылды.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<