Өткен санда аймақтағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 5 жылдығына орай мақала жариялаған едік. Жуырда сапалы білім берудің флагманына арналған мектептің оқушылары Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театрда «Ұлы дала мұрагерлері» атты шығармашылық кешін өткізіп, білім ордасының тыныс-тіршілігін сахналық қойылым арқылы көрермен назарына ұсынды. Салтанатты шараға облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов арнайы қатысып, мектеп ұжымына облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың ыстық лебізін жеткізді.
– Астана қаласының 20, Қызылорда қаласының 200 жылдығымен сәйкес келген химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 5 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз. Даналардың түлеп ұшар тұғыры, білімнің сарқылмас көзі – мектеп. Бұл ретте Назарбаев зияткерлік мектебі бүгінгі заман талабына сай, бәсекеге қабілетті, зерек ойлы өрендерді тәрбиелеуге сүбелі үлес қосып келеді. Аймақтың барлық мектептеріне үлгі болар көшбасшы білім ордасынан тәуелсіз Қазақстанның, Сыр өңірінің дамуына аянбай еңбек етіп, тер төгетін елжанды азаматтар шығады деген сенімдеміз, – деді Наурызбай Сейітқалиұлы.
Облыстық мәслихат хатшысы Елбасының кезекті Жолдауының басты аспектілерінің ішінде білім саласына ерекше мән берілгенін де атап өтті. Облыста саланы дамыту қарқынды жүріп жатқанын, биыл жаратылыстану-математика бағытындағы 649 мұғалім ағылшын тілін оқыту курстарында біліктілігін арттырып, аймақтағы 46 инновациялық мектеп биология, химия, физика, информатика пәндерін ағылшын тілінде пилоттық зерттеуге кіріскенін және 104 мектепте элективті курс есебінен осы пәндерді оқыту элементтері енгізілгенін хабарлады.
Ары қарай оқуда озат, шығармашылықта шыңдалып үлгерген мектептің хор ұжымы, хореография, домбыра, актерлік шеберлік үйірмесінің балалары өнерін көрсетті. Танымал жырау Марат Сүгірбаймен бірге жырдан шашу шашып, тыңдарманды таңдай қақтырды. Ал жас өрендер көрмесінде топырақты мұнай қалдықтарынан тазарту, жалынды микротолқын әдісімен өшіру, арзан электр көзін алу сынды ғылыми жұмыстар қойылды. Бұдан бөлек, балалардың қолынан шыққан тоқыма бұйымдар, ағаш-металл және пластик материалдардан дайындалған дүниелер көптің көңілінен шықты.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<