Қазақстан жылдың ең ауқымды спорттық іс – шараларының бірі – «Ұлы дала жорығы» республикалық марафонына дайындалуда. 5 қыркүйекте елордалық «Қазанат» ипподромында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Amanat партиясының қолдауымен ұйымдастырылған жарыстың салтанатты ашылуы өтеді. Оған еліміздің әртүрлі өңірінен жиналған 20 команданың атынан 100 шабандоз қатысады.
Марафон 6 қыркүйекте Ақмола облысының Қаражар ауылында басталып, 14 күнге созылады, ол үшін қатысушылар еліміздің 5 өңірі – Ақмола облысы, Қарағанды облысы, Ұлытау облысы, Қызылорда және Түркістан облыстары арқылы 1300 км қашықтықты жүріп өтеді. Түркістан қаласында марафон аяқталады. Жалпы, шабандоздар 12 аудан мен 52 елді мекенді аралайды. Марафонға қатысу үшін халықаралық судьялар мен жоғары білікті ветеринарлар шақырылған.
Биыл «Ұлы дала жорығы» екінші рет өтеді. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Маңғыстау облысының құрама командасы бәйге марафонының жеңімпазы атанды, Жетісу облысының спортшылары екінші орынды, Түркістан облысының құрамасы үшінші орынды иеленді. Жоба YouTube – те 5 миллионнан астам және TikTok-та 30 миллионнан астам қаралым жинады.
«Ұлы дала жорығы» марафонының мақсаты қарапайым. Бұл бірегей ұлттық бренд құру, дәстүрлі ат спортын, атап айтқанда, қазақтың «қазанат» жылқы тұқымын танымал ету. Мұндай жарыстар БАӘ, АҚШ, Испания, Франция, Ұлыбритания, Германия, Канада және Австралия сияқты елдерде Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) қамқорлығымен үнемі өткізіліп тұрады. Сондықтан біздің жобамыздың халықаралық деңгейде ауқымды оқиғаға айналуға барлық мүмкіндігі бар. Естеріңізге сала кетейін, келесі жылы Қазақстан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізеді. Мемлекет басшысы оны жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды. Алдағы жарыс, соның ішінде, еліміздің инфрақұрылымының көшпенділер ойындарына да, басқа да болашақ жарыстарға дайындығын тексеруге тамаша мүмкіндік болмақ.
Ұлттық ат спорты- мәдениетіміз бен болмысымыздың маңызды бөлігі. Министрлік ұлттық құндылықтарды дамыту және ілгерілету бойынша белсенді жұмыс ітеп жатыр. Олармен айналысатын адамдардың саны артып келеді. Елорда қонақтары мен тұрғындарын «Ұлы дала жорығы» ашылу салтанатына қатысуға және оған қатысушыларды қолдауға шақырады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<