«Сыр медиа» ЖШС ұжымының Ұлыстың Ұлы күнін берекелі дастархан жайып, үлкендерін құрметтеп, кішілерге жол көрсетіп күтіп алатын дәстүрі үзілген емес. Биыл да серіктестікке қарасты редакциялар мерекені сән-салтанатпен тойлады.
Алдымен ғимарат маңына тазалық жұмыстары жүргізілді. Көктем жаңару мен гүлдену кезі болғандықтан әлемге әдемілік пен сұлулықты та ала келеді. Күн көзі күлімдеп, көк шыға бастағаннан-ақ, мерекені күтіп алуға қамданған қаламгерлер қураған ағаштарды өртеп, арықтарды тазартты. Тал-теректі қырқып, ағаш түбін әктеді, жас көшет отырғызды. Жаңа жылдан жақсы үміт күтетіндіктен, тіршілік қайта тіріліп, жандансын деп тілек айтты.
Аулаға қазан асылып, Наурыз мейрамының басты тағамы – наурызкөже әзірленді. Жеті түрлі дәмнен, «ақ мол болсын» деп ырымдап, молшылықтың, тоқшылықтың, сәттіліктің, байлықтың, бақ пен берекенің белгісі саналатын дәндер қосылып жасалған ұлыс күнінің асынан үлкен-кіші түгел ауыз тиді.
Дастархан басына жиналған қаламгер қауымын облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев құттықтады. «Ұлыс күні қазан толса, сол жылы ақ мол болар, үлкен кісіден бата алса, сонда олжалы жыл болар» деген бар емес пе? Мерекеде ардагер журналистер Қайырбек Мырзахметұлы, Еркін Әбіл, Жұматәлі Әбдіраман ұжым мүшелерін Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап тілек айтып, бата берді.
Бұл күні әсем ән шырқалып, көңіл көтеретін іс-шаралар да ұйымдастырылды. Қаламгерлер бір-біріне «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, қайда барса да жол болсын. Ұлыс береке берсін, бәле-жала жерге енсін!» деп тілек айтты.
«СБ» ақпарат





