Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлын қабылдады.
Президентке Ұлытау облысының былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы есеп берілді. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 14 пайызға өсіп, 210,1 миллиард теңгеге жетті. Осы ретте жеке инвестицияның үлесі 90 пайызды құрады. Өткен жылы өңірде жалпы сомасы 10 миллиард теңге болатын 3 ірі жоба іске асырылды.
Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, биыл кем дегенде 16 жобаны, оның ішінде өнеркәсіп және геология бағыттары бойынша 8, туризм және сауда салаларында 3, агроөнеркәсіп кешенінде 5 жобаны іске қосу жоспарланған. Нәтижесінде өңірде 700 жаңа жұмыс орны ашылады.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа биыл аграрлық салада құс фабрикасын, ет өңдеу кешенін салу, 3000 гектар аумақта картоп және көкөніс өсіретін фермерлік шаруашылықтарды іске қосу көзделіп отырғаны жөнінде мәлімет берілді.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024-2025 жылдары 3600 орындық 6 мектеп салынады. Оның біреуі биыл Жезқазан қаласында пайдалануға берілмек.
Сонымен қатар Ұлытау облысының әкімі биыл іске қосылатын 10 спорт нысаны жайында баяндады. Атап айтқанда, 320 адамға арналған бассейні бар көпфункционалды спорт кешені, Жезқазған қаласында «Қазақмыс» корпорациясының «Намыс» СК балалар мен жасөспірімдер спорт академиясы, Жезді және Жаңаарқа кенттерінде денешынықтыру-сауықтыру кешендері, Қаражалда жабық бассейн, сондай-ақ ангар типті 5 ойын кешені салынады.
Кездесуде облыстағы жылыту маусымының және жылумен қамтамасыз ету жұмыстарының барысы туралы айтылды. Инфрақұрылымды одан әрі дамытуға байланысты 2029 жылы Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында екінші жылу электр орталықтарының құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл орталықтар жылу тапшылығы мәселесін шешуге тиіс.
Мемлекет басшысына «Жезқазған-Қызылорда» және «Жезқазған-Арқалық» жолдарының құрылыс-монтаждау, сондай-ақ «Үйтас-Айдос» су құбырын реконструкциялау жұмыстары басталғаны жайында баяндалды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев өңірді одан әрі дамыту және тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Еуразиялық даму банкінің ықпалы қандай?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузовты қабылдады.
Мемлекет басшысына банк жұмысының нәтижелері мен алдағы кезеңге арналған жоспары жөнінде мәлімет берілді. Николай Подгузовтың айтуынша, Еуразиялық даму банкінің Қазақстан экономикасына салатын жыл сайынғы инвестициясы екі жыл қатарынан 1 миллиард доллардан асып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа банктің 2022-2023 жылдардағы инвестициясының жылдық көлемінің жалпы сомасы 4,2 миллиард долларды құрағаны туралы баяндалды. Бұл Стратегияда бекітілген 2022-2026 жылдарға арналған жоспардан шамамен 1,5 есе көп. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 59 пайызды құрады.
Президентке берілген мәліметке сәйкес Қазақстандағы әлеуетті жобаларға бөлу үшін банктің 2024 жылға қарастырып отырған қаржы көлемі 3,5 миллиард доллардан асады. Инвестицияны, ең алдымен, көлік инфрақұрылымы, жылу энергетикасы, жаңартылатын энергия көздері, өнеркәсіп, агроөнеркәсіп және су ресурстары сияқты стратегиялық маңызды салаларға салу жоспарланып отыр.
Николай Подгузовтың айтуынша, биыл банк Қазақстанның қаржы нарығын дамыту және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырудың жаңа құралдарын енгізу ісіне атсалысуға ниетті.
Сонымен қатар Еуразиялық даму банкі төрағасы Мемлекет басшысына Орталық Азияның су-энергетика саласына жасалған зерттеу нәтижелерін таныстырды. Банк Қазақстанның су ресурстарын тиімді пайдаланатын елдердің көшбасшысы ретінде қалыптасуына ықпал етуге ниетті. Сондай-ақ суды үнемдейтін және энергетикалық тұрғыдан тиімді технологиялар бойынша аймақтық сараптама орталықтарын дамыту үшін 10 миллион долларға дейін гранттық қаржы бөлуге дайын. Бұған қоса, суды есепке алудың цифрлық технологияларын, суармалы жерлерге толықтай лазерлік жоспарлау тәсілін енгізуге және заманауи ирригациялық құрал-жабдықтар өндіретін өңірлік өндірістік-сервистік кластер құруға бағытталған жобаларға 400 миллион долларға дейін қаржы бөлмек.
Мемлекет басшысы биыл жазда Алматы қаласында Еуразиялық даму банкінің жылдық қорытынды жиналысын және іскерлік форумын ұйымдастыру мәселесін құптайтынын жеткізді. Аталған форумның күн тәртібінде Орталық Азияның су-энергетика кешеніне, көлік жүйесі құрылымы мен қаржы құралдарын дамытуға қатысты мәселелер қамтылады. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде банк қолдау білдірген инфрақұрылымдық жобалардың маңызды екенін айтты.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<