ҰҚШҰ: Кеңес отырысы өтеді

104

0

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысу үшін Бішкек қаласына барды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

«Қасым-Жомарт Тоқаевты Манас әуе­жайынан Қырғызстан Министрлер каби­нетінің төрағасы – Қырғызстан Президенті Әкімшілігінің басшысы Адылбек Қасымалиев қарсы алды», делінген хабарламада.

Айта кетейік, бүгін, 27 қарашада Бішкекте Қырғызстанның төрағалығымен Ұжымдық қауіп­сіздік туралы шарт ұйымының Ұжым­дық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы өтеді.

Геннадий Головкинді қабылдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкинді World Boxing халықаралық федерациясының президенті болып сайлануымен құттықтады. Бұл шешімді даңқты спортшының әлемдік боксты дамытуға қосқан үлесінің, кәсібилігі мен мінсіз абырой-беделінің мойындалғаны деп бағалады.

– Сіз әлемдік спорттың дамуына зор үлес қостыңыз. Қазақ бокс мектебінің бай дәстүрін лайықты деңгейде танытып, дүние жүзінің елімізді бокс державасы ретінде мойындауына ықпал еттіңіз. Өмір жолыңыз көптеген жарқын жеңіске толы. Оған күш-қуат, рух, табандылық, ішкі тәртіп секілді қасиеттеріңіз арқылы жеттіңіз. Бұл елімізде ғана емес, шет мемлекеттердегі миллиондаған жастың жігерін жаниды. Есіміңіз әлемдік бокс тарихына алтын әріппен жазылғанына еш күмән жоқ, – деді Президент.

Мемлекет басшысы танымал спорт­шының Ұлттық олимпиада коми­тетіндегі қызметіне жоғары баға берді.

Сондай-ақ World Boxing халықаралық феде­рациясының президенті ретінде көп­теген мәселенің шешімін табуы қажет екенін айтты.

Мемлекет басшысы отандық спортты дамытуға сіңірген елеулі еңбегі үшін Геннадий Головкинді І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.

Геннадий Головкин еңбегін жоғары бағалағаны, сенім артып, қолдау көрсеткені үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сондай-ақ боксты одан әрі дамытуға, осы спорт түрінің еліміздегі және халықаралық деңгейдегі беделін нығайтуға дайын екенін жеткізді.