Бірер күн бұрын Астанадан ақжолтай жаңалық жетті. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен дәстүрлі «URKER-2023» Ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Ғасырға таяу тарихы бар облыстық «Сыр бойы» газеті үздіктер қатарынан табылып, ұлттық сыйлықтың иегері атанды.
Ұлттық сыйлықты иеленген «Сыр бойы» газетін алғашқы болып аймақ басшысы құттықтады.
«Үздік өңірлік БАҚ» номинациясын «Сыр бойы» газеті жеңіп алып, Қызылорда облысының 85 жылдық мерейтойына тамаша тарту жасады. Аймақтың ата басылымы өз биігін байқатты.
«Заңғар жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Газеттің ісі – бір күндік, сөзі – мың күндік» дегеніндей, сөзі сұңғыла, жанрлық ерекшелігі әрқилы, безендірудің көркемдік деңгейі жоғары басылымның оқырманға берері көп. Келесі жылы «Сыр бойы» газеті өзінің 95 жылдық мерейтойын атап өтеді. Бұл сыйлық – мерейтой алдындағы мүмкіндіктің мезіреті. Ал бүгінгі жеңіс – «Сыр бойы» газеті ұжымының қажырлы еңбегінің жемісі және Сыр өңіріндегі барлық баспасөз өкілдерінің ортақ қуанышы» деп жазды облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев facebоok парақшасында.
Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған арнайы брифингте «Сыр медиа» ЖШС бас директорының орынбасары Айжан Абдуллаева, «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабидинов айтулы жаңалықты аймақ оқырмандарына жеткізді.
– Ақпарат саласы мамандары жақсы біледі, 20-22 қыркүйек аралығында Астана қаласында медиа апталық форум өтті. Биыл VII рет өткізіліп отырған медиа апталықтың бұл жолғы тақырыбы – «Ақпарттық күш тенденциялары, өзгерістер және этика» деп аталды. Оның ішінде жаңа этика мәселелері көтерілді. Негізі, үш күнге созылған форумның алғашқы күні басым тақырып отандық телеарна жұмыстарына, екінші күн өңірлік БАҚ мәселесіне арналды.
Форум аясында «Цифрлық дәуірдегі журналистер жұмысының ерекшеліктері: Жылдамдық, ақпарат көлемі, бәсекелестік» деген тақырыпта сессия өтті. Онда қазіргі газет жұмысының, баспасөздің, жалпы өңірлердегі ақпарат тарату құралдарының жұмысын жаңа технологиялармен біріктіре отырып, әрі қарай дамыту мәселесі айтылды. Болашақтағы цифрлық өзгерістер, жаңа тенденциялар дәстүрлі басылымдарға қандай жаңалықтар алып келетіні және оған дайындық деңгейі талқыға салынды. Сессия ең рейтингтік жобалардың кейстері деп аталса, одан кейінгі сессия жаңа этикаға арналған тақырыптарды қамтыды.
Үшінші күнгі тақырып баспасөз қызметкерлеріне арналды. Журналистикадағы радио, интернет жүйесі, баспасөз саласындағы журналистерге арналған «URKER-2023» ұлттық сыйлығының табысталуы болды. Оның ішінде, үздіктер қатарында облыстың ата басылымы – «Сыр бойы» газетінің кәсіби ортада өзінің бағасын алуы бізге өте үлкен қуаныш сыйлады. Бұл – сала жұмысын одан әрі қарқынды дамытуға әсер етіп, шығармашылық ортада жаңа идеяларға жол ашады деп ойлаймын, – деді Айжан Абдуллаева
«Сыр бойы» облыстық газетінің бас редакторы Қуат Шарабидинов аймақтың ата басылымының «URKER» ұлттық сыйлығын иеленуі ең әуелі дәстүрлі басылым журналистерінің жемісті еңбегі екенін, сондай-ақ, сөз қадірін сақтай білген Сыр халқына, яғни, 25 мыңға жуық газет оқырмандарына ортақ абырой екенін атап өтті.
– Өзіміз куә болып отырғандай, ғасырға жуық тарихы бар облыстық басылым – «Сыр бойы» газеті «URKER» Ұлттық сыйлығын иеленуі – газеттің 95 жылдығы қарсаңында, оның бер жағында, облыстың 85 жылдық мерейтойы мен сабақтас келген тамаша сый болды. Ең біріншіден, тарихи басылымның ежелден бері қалыптасқан игі дәстүрі, ізденіске толы шығармашылық еңбегі лайықты бағасын алды деп білеміз.
Халық танымында «Үркер» шоқжұлдызы шаруашылықты оңды ұстауда ерекше ықпал жасайтын ең танымал жұлдыз есебінде бағалы. Осы орайда Ұлттық сыйлық болғаннан кейін, оның астарында ұлттық сөз, ұлттық мүдде, ұлт тарихы жатыр деген сөз. Сондықтан айтулы жүлде – Сыр халқы үшін тамаша тарту, тарихи сәт. Сыр журналистикасының қарашаңырағы – «Сыр бойы» газетіне және өңірдің шығармашылық тұлғаларына берілген баға деп ойлаймыз.
Жалпы облыстық басылымның тарихы туралы әртүрлі дерек айтылып жүр. Дегенмен газеттің 1929 жылы 1 шілдеде жарыққа шыққаны туралы нақты дерек Ресейдің ұлттық архивінен табылған, яғни, 2024 жылы ата басылымға 95 жыл толады. Осынау уақыт аралығында талай қабырғалы қаламгерлер аймақ тарихын таспаға түсіріп, алтын қорға қалдырды. Заман талабына сай бүгінде басылымның бет-бейнесі өзгеріп, жаңаша ақпарат кеңістігінде қарым-қабілетін танытып келеді. Бір сөзбен айтқанда, ғасырға таяу тарихы бар басылым өзінің ғибратты жолын әрі қарай жалғастыра береді, – деді газет редакторы.
«Сыр бойы» газетінің тарихын сараласақ, 1972 жылы газеттің 10 мыңыншы санының жарыққа шығуына орай Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Мақтау қағазымен марапатталса, 1979 жылы басылым жоғары мемлекеттік награда – «Құрмет белгісі» орденін иеленіп, Мәскеудегі бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне үлгі ретінде ұсынылды.
Ал 2005 жылы Қазақстан Журналистер академиясының «Үздік аймақтық газет» номинациясы бойынша ең мәртебелі «Алтын жұлдыз» жалпыұлттық журналистік сыйлығын иеленсе, 2006 жылы ҚР Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы грантына ие болды.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<