Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы

404

0

Фото: Жалағаш ауданы

Кеше Аққұм ауылында Аққұм ауылдық округінің аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Ұл ұятымен, қыз қылығымен» атты тағылымы мол кездесу өтті.

Шараға аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов, аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбет, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Айқын Жақсылықова мен кеңес мүшелері және ауыл жастары қатысты.


Келелі кездесуде жастар мен алдыңғы буынның арасындағы байланысты нығайтып, жастарды әдеп пен сыйластыққа, тазалық пен адамгершілікке тәрбиелеп, мәдениет пен ұлттық құндылықтарды бойға сіңіре отырып жаңа заман ұрпақтарын қалыптастыру жайы кеңінен насихатталды.

Сонымен бірге, аға буын мен жас буынның арасында мағыналы әңгіме өрбіп, қазақ қоғамындағы ұл баланың, қыз баланың орны, тәрбиесі жайында ой бөлісті.


«Әр отбасындағы әкенің рөлі ерекше. Әке – отбасының асыраушысы, тірегі, қамқоршысы. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. Ер бала әкесімен сырлас, жолдас, дос. Ол әрқашан бір әрекет жасау үшін әуелі әкесімен ақылдасады. Ер баланың өсіп, жетіліп, өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуында, қоғамдағы өз орнын дұрыс таба білуінде әкенің атқаратын еңбегі ерекше» деген аудан әкімінің орынбасары Ғани Кенжеғараұлы қазақ қоғамында бала тәрбиесінде жауапкершілікті тек аналар қауымына артып қоюға болмайтынын жеткізді.

Мұнан соң аудан әкімінің орынбасары ауылдағы көпбалалы, қоғамдық шараларда белсенділік танытып жүрген бірқатар анаға және Аққұм ауылдық клубының басшысы Гүлжайна Айтжанқызына және Аққұм ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы Гаухар Нұрсейтоваға ризашылығын білдіріп, алғыс хатын табыстады.


Ал, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Айқын Бектасқызы қазақ қауымында қыз баланың орны айрықша екенін жеткізіп, қыз балаларға ақыл-кеңесін айтса, ер балаларды өжеттік пен адалдыққа бағыттады.

Сондай-ақ, Аққұм ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Қосым Жүсіпбеков ұрпақ тәрбиесі баршамызға ортақ екенін жеткізіп, ұйымдастырылған кездесудің маңызы зор екенін атап өтіп, аудандық аналар кеңесіне, Аққұм ауылдық округінің аналар кеңесіне және Аққұм ауылдық клубының ұжымына алғысын білдірді.


Еркін форматта ұйымдастырылған кездесуге қатысушылар отбасы құндылықтарына қатысты бейнекөрсетілім мен ауылдық клуб өнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалады.

Қоғамдық даму бөлімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<