Ұрпаққа ұласқан ұсталық

771

0

Кәсіпкерлікті дамытып, мемлекеттік бағдарламаның игілігін сезінген жандардың бір шоғыры Қармақшының Дүр Оңғар ауылында тұрады. Олар азаматтарды жұмыспен қамтып, ел ішіндегі жұмыссыздықты азайтуға үлес қосып отыр. Соның бірі – Ерсін Өтепов.

Қазір ол шағын цехында тікен сым мен қоршауға арналған тор, шеге секілді ауыл шаруашылығына қажетті материалдар шығарумен айналысады. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені мұндай құрылысқа қажетті заттар біздің өңірде кейінгі бірнеше жылда ғана өндіріле бастады. Міне, кәсіп иесі осы олқылықтың орнын толтыруға тырысқан. Әуелі «Бастау бизнес» жобасы бойынша курс оқыған ол кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп, «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы 5 млн теңге несиеге қол жеткізеді. Сосын Қытайға өзі барып, өндіріске қажетті құрал-жабдықтар сатып алған. Сол жерден техниканың тілін меңгеріп, елге жете салысымен өнімдерін шығара бастайды.

– Арғы аталарым темірден түйін түйген ұста болған. Әкем де жас күнінде ұсталықпен отбасымызды асырады. Бұл қасиет маған қаннан берілсе керек. Бала күнімнен темірден әйтеуір бір зат жасауға бейім едім. Соның бәрі осы кәсіпті қолға алуыма себепші болды. Негізгі мамандығым – инженер-механик. Қазір мұндай жобамен облыста бірнеше адам айналысады. Ал мен бастаған кезде баламасы болмаған. Тек еліміздің 5-6 өңірінде ғана бар еді. Уақытында саланы әбден зерттедім. Сосын кәсіпкерлік палатасының тегін оқуына қатысып, білімімді шыңдадым. Соның арқасында жобамды сәтті қорғап шығып, грант ұтып алдым. Әуелгіде шеге өндірісін мақсат еткеніммен, кейін бір бағытпен шектелмей, қоршауға арналған тор мен тікен сымды қоса қамтыдым. Қазір аяқалысымыз жаман емес, қондырғымыз бір сағатта тікен сымның 70-80 метрін шығарса, тор сеткадан 60-70 метр өнімді дайын күйінде шығарады, – дейді кәсіпкер.

Ал шеге өндірісі биылдан бастап тоқтап тұр екен. Өйткені шикізат бағасы өнімді сатқандағы бағамен пара-пар болыпты, яғни, нарықтағы бағасы өсіп кеткен. Мәселен, қазір шегенің келісі 600-700 теңге болса, оған кететін шикізат сымның бағасы 750 теңге болып тұр. Жалпы, жұмыс істеп тұрған шағында қондырғымен минутына 270-280 дана шеге шығарыпты. Бүгінде цех толық жұмыс істеп тұрған жоқ. Әйткенмен қалған екі құрылыс материалына өңірде сұраныс жоғары болмаса, төмендемеген. Оған себеп – бағаның айтарлықтай арзандығы. Содан болар, облыстағы шаруашылықтар мен құрылыс дүкендері нарық бағасынан төмен өнімді шыға салысымен алдыртады екен. Мұнда ұзындығы 200 метр болатын бір бума тікен сымның құны – 11 мың теңге. Ал қоршауға арналған тордың шаршы метрі орташа есеппен 1000-1500 теңге көлемінде саудаланады.

– Жалпы шикізаттан бізге қажеттісі сым ғана. Ол қалың, орташа және қатты, жұмсақ болып бөлінеді. Қазақстанда оны бірнеше зауыт шығарады. Ал мен көбіне Қытай мен Ресейден алдыртуға тырысатынмын. Себебі еліміздегі бағамен шетелдегі бағада айтарлықтай айырмашылық бар. Қазір саяси ахуалға байланысты сымды Алматыдан алып отырмын. Ал енді өнімімізге келсек, сұраныс жоғары. Қазір біршама танылып та үлгердік. Аудандардан тапсырыс жиі түседі. Одан бөлек көрші облыстардан да тапсырыс аламыз, – дейді ол.

Орайы келгенде айта кетейік, Ерсін үш ағайынды. Олар қазір отбасылық бизнесті жолға қойған. Ағасы мен інісі – ағаш шебері. Екеуі тұрмысқа қажетті жиһаздың түр-түрін жасайды. Екеуі «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында несие алып, кәсібін кеңейткен. Қызылорда қаласынан арнайы орын алып, ішін заманауи құрылғылармен жабдықтаған. Қазір олар ауылдың да, тіпті Астана, Шымкент сияқты ірі қалалардың да сұранысын қамтамасыз етуде. 

– Ағам мен інім Қызылорда қаласында. Мен қарашаңырақта қалдым. Қазір қасымда 2 жігіт жұмыс істейді. Біреуі тікен сым жасасса, екіншісі тор жасауға жәрдемдеседі. Ендігі мақсат – тағы да қосымша шуруп, профиль, шифр шығаратын станоктар алып, өндірісті одан әрі ұлғайту, – дейді Ерсін.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

Қармақшы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<