Ұрпақтар сабақтастығы үзілмеуі тиіс

723

0

Облыстық ардагерлер кеңесі, облыстық қоғамдық даму басқармасы және  Жастар ресурстық орталығының бірлесе ұйымдастыруымен «Отбасы – тәрбие бесігі» тақырыбында ардагерлер мен жастардың кездесуі өтті.

Кездесуде облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев сөз сөйледі.

– Өздеріңіз білесіздер, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қатысуымен 1 ақпан күні отбасындағы бала тәрбиесіне байланысты бірлескен кеңес өткізілді. Бүгінгі кездесуіміз де – осы кеңестің мазмұнды жалғасы. Жастар тәрбиесі мен болашағы – қашан да, қандай қоғамда болмасын адамзат үшін ең өзекті мәселелердің бірі. Тәрбиелі, білімді ата дәстүрін ұмытпаған ұрпақ – мемлекеттің мызғымас діңгегі. «Тәрбие отбасынан басталады» демекші, баланың отбасынан көрген-білгені оның бүкіл өміріне жолдама болмақ. Сондықтан отбасының балаға берері де, үйретері де көп. Бала тәрбиесіне тиісті деңгейде мән бермеуден қанша жастың жапырақ ғұмыры ерте солып, жас жанұялардың керегесі сөгілуде. Қоғамды алаңдатқан тағы бір тақырып – кейінгі жылдары кәмелетке толмай, ана атанушылар қатарының артуы. Қазір бұл – қызы бар үйдің ғана емес, күллі ұлттың көкейіндегі мәселе. Жаза басып, ішімдікке ілесіп, есірткінің ізін қуған жеткіншектеріміз де бар. Бұл ретте, елдің ертеңі жастар екенін ескерсек, бүгінгі ұрпақты салауатты өмір салтына тәрбиелеуді естен шығармай, әрдайым қадағалап отырудың маңызы зор. Қазақ – қашан да қартын қазынам деп танып, үлкенін сыйлай білген халық. Содан да болар бізде ұрпақтар сабақтастығы берік орныққан. Бүгінгі кездесу – сол алтын арқау сабақтастықтың құндылығын дәріптеп, жастарға үлгі ету, – деді басқарма басшысы Алмасбек Есмаханов.

Кездесуде ардагерлер, жастар ұйымдарының өкілдері, «Жастар үйінің» тұрғындары, «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілері, пробация қызметі есебіндегі жастар да өз ойларын білдірді.

Жиында жастарға білім беру мен патриоттық, имандылық тәрбие мәселелерімен қатар, аға буын өкілдері өздерінің өмір тәжірибелерін бөлісіп, жастарды еңбекке баулу жөнінде ақыл-кеңестерін айтты.

Ардагер журналист Кенжалы Ерімбетов жастар тәрбиесіне қатысты жергілікті баспасөз бетінде танымдық мақала жариялап тұрудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ бала тәрбиесінде отбасының алар орны ерекше екенін жеткізіп, олардың дұрыс ортада өсуін қадағалау керегін айтты.

Философия ғылымдарының докторы, профессор Баймырза Қожамберлиев оқу орнында балаға тәрбие емес, білім берілетінін ата-ана білуі керегін және жастардың дұрыс қалыптасуына ұлттық дәстүрдің тигізер әсері жөнінде кеңінен ой бөлісті.

– Қоғам алдындағы басты мақсат – саналы ұрпақ тәрбиелеу. Отбасы – тәрбиенің басты тірегі және негізгі көзі. Бала дүниеге келгеннен кейін алғашқы тәрбие сабақтарын отбасында алады. Қазақ халқының ең қастерлі адамы – ата мен әже. Бала тәрбиесіндегі ұлттық ұстанымдардың, дәстүр құндылығының орны ерекше. Суицид, есірткіге және компьютерлік ойындарға тәуелділік жиі орын алуда. Жастарды жаман әдеттерден аулақ болуға шақырудың маңызы ерекше, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев.

Жиын қорытындысында жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, ұлттық салт-дәстүрге баулуға бірлесіп жұмыс атқару мақсатында облыстық ардагерлер кеңесі мен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент арасында екіжақты меморандумға қол қойылды.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<