Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жаһандану заманында бәсекеге қабілетті, ұшқыр ойлы, интеллектуалды ұлт тәрбиелеу мақсатында «IQ-ORDA» республикалық интеллектуалды байқауы өтті. Интеллектуалды сайысқа республикамыздың түкпір-түкпірінен 18-35 жас аралығындағылар қатысты.
Байқауға облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов арнайы қатысып, іс-шараны ашып берді.
– Өздеріңіз білесіздер, мемлекет жастардың білім-білігін көтеру, бағыт-бағдар беру мен жаңа бастамаларға қолдау білдіруді әркез назардан қалыс қалдырған емес. Үкіметке, жергілікті атқару органдарына ұдайы тиісті тапсырмалар беріліп, жастар саясатын жүргізуге тұрақты көңіл бөліп келеді. XXI ғасыр − білімнің, интеллектуалды адам капиталының заманы. Жастарға қай заманда да көп үміт артылған, артыла да бермек. Еліміздің барлық интеллектуал, эрудит жастарына бүгінгі сайыста сәттілік тілеймін, − деді Нұрымбет Аманұлы.
Сайыста Атырау, Ақтөбе, Жетісу, Шығыс Қазақстан облыстарынан, Алматы қаласы мен Қызылорда қаласы және барлық аудандардан келген үздік 20 команда өзара сынға түсті.
5 кезеңнен тұратын сайыста командалар қазақ және әлем әдебиеті, Тәуелсіз Қазақстан тарихы, логикалық, кино және музыка тақырыптары бойынша арнайы дайындалған сұрақтарға жауап берді.
Сайыс қорытындысымен, жүлделі I орынды Қазалы ауданынан келген «Қазалы» командасы (500 000 тг), II орынды Жалағаш ауданының «J-Team» командасы (300 000 тг), III орынды Алматы қаласынан келген «Әл-Фараби» командалары (200 000 тг) иеленді.
«Республикалық сайысқа үлкен дайындықпен келдік» дейді жеңімпаз команда.
− Сайыс жоғары деңгейде өтті. Біздің командада Төлепберген Құдайберген №276 орта мектептің, Ерлан Өзбекбаев Б.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназияның, Сымбат Тиышбай Е.Бозғұлов атындағы 249 мектеп-лицейдің мұғалімі және Нұрқасым Елнұр Ғ.Мұратбаев атындағы №91 орта мектептің тәлімгері болды. Барлығы да өз ісінің белсенді де, білімді мамандары. Жұмыстан соң бас қосып, дайындалдық. терминдерді жаттадық. Әлемнің, қазақтың киноиндустриясын зерттедік, аңызға айналған танымал музыкалардың шығу тарихын, орындаушыларын қамтыдық. Әлем және қазақ әдебиетіндегі классик жазушылар мен ақындардың шығармаларын оқып, ерекше сәттерін жазып жаттадық. Тәуелсіз Қазақстанда 1991 жылдан бергі өзгерістер мен географиялық орындардың ерекшелігін қайта қарадық. Логикалық есептер мен математиканы бір еске түсіріп, 1000 шақты есеп қарадық. Сайыста біз жауабын білмейтін сұрақтар да кездесті. Команда көп болғаны соншалықты нағыз сайыс атмосферасы қатты сезілді. Уайымдап, қобалжыдық, − дейді команда капитаны Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің мұғалімі Мейірман Меңдібай.
Сайыста арнайы номинациялар (50 000 тг) «Бейбарыс сұлтан ұрпақтары» (Атырау облысы), «Намысты елдің ұрпақтарымыз» (Ақтөбе облысы), «7SU TEAM» (Жетісу облысы), «Алаш Орда» (Шығыс Қазақстан) облыстарының және Қармақшы ауданының «Qadam» командасы мен Қызылорда қаласының №235 мектеп құрамасы «Көмекбай жастарына» бұйырды. Білімді, ізденімпаз, коммуникативті және тапқыр тұлғаларды даралайтын жоба ар аймақтың интеллектуал жастарын тоғыстырған бірегей басқосу болды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<