Ұсталық өнерді жаңғыртқан

1003

0

Фото автордан

ДАРҚАН деген кәдімгі «ТЕМІРШІ ҰСТА». Иә, сөздің түп тамыры ежелгі ұсталық өнерден бастау алған. Бұл сөз түркі-моңғол халықтарының көпшілігінің сөздік қорында сақталған. Қару-жарақ соғушы дарқандар ел арасында үлкен құрметке ие болып, өнері жоғары бағаланып, әлеуметтік жағынан біраз артықшылықтарға ие болған.

Сырдария ауданы, Қоғалыкөл ауылында бүгінде дәл сондай құрметке ие, ортасына сыйлы, ел арасында абыройлы дарқан бар. Ол – Талғат ұста. Талғат Ыдырысовқа ұсталық өнерді тәңірдің өзі сыйлаған. Ата-бабасында дүкен ұстаған адам болмаса да, нағашы жағы қолөнерге жақын болған деседі. Талғат ұста – өз әулетінде отпен жұмыс жасаған алғашқы адам. «Бала кезімде қос қалтама толтырып шеге салып жүретінмін. Пайдаланбасам да, жинағанды ұнататынмын. Шегелер қалтамды тесіп, үшкір басы аяғымды қажаса да тастамаушы едім», – дейді ұста естелігінде… Ұсталыққа деген ұмтылыс бала кезден басталғаны байқалады.

Талғат ұста ұстаз көрген. Өнерді тауып, жұмыс жасау үшін оған ақылшы, тың шаруаға бастайтын жетекші керек болды. Сыр еліне есімі мәшһүр Мизам ұста Төлегеновтен темір соғудан зергерлікке дейінгі өнерді үйренсе, Шәзінда Маханбетовтен ағаш өңдеу өнерін бойына сіңірген. Сырдың қолданбалы өнерінің қос абызының асыл бұйымдары музей қорында бар және көздің қарашығындай сақтаулы. Мықты ұстаздардың алдынан өткен Талғат ұстаның да ұстанымы мықты. Туған ауылында темір, мыс, жез сияқты металдарды өңдеп, ауыл сұранысына сай түрлі тұрмыстық бұйымдар жасап, бұзылған машина бөлшектерін жөндеп, жөндеп қана қоймай ол бөлшектердің аналогын жасап келеді.

ДАРҚАН сөзі қазіргі қазақ тілінде «емін еркін, кең, шексіз, жомарт» мағынасын береді. «Ұста» мағынасы көмескіленіп, жаңа ұғымдарға негіз болып қалыптасқан. Бұл түсініктер де Талғат ұстаға жат емес. Жұмысы үшін алатын ақыны да тапсырыс берушінің патша көңіліне қалдыратыны бар. «Қалғанын Алла жеткізеді», – дейді ұста. Қалай, ә?! Кеңдік емей, немене?!

Ғылыми дәлел болсын, Мұхтар Мағауиннің шығармасында «Дарқан атаулы сауыт соғып, садақ июге кіріссін, ұста біткен қылыш қайырып, сүңгі суарсын деген хан жарлығы не күйде» деген жолдар кездеседі. Айтпақшы, Талғат ұста өзі жасаған адырнасы керілген садағы мен жебеге толы қорамсабын, отқа пісіріп алған қылышын, қара домбырасын үйінде сақтап отыр. Ұстазы Мизам ұстаның өз қолымен жасаған пышағын да үйінде жәдігер ретінде үкілеп сақтап, келген қонақтарға ұстазына деген үлкен құрметпен тарихын баяндап, қастерлеп келеді. Ұстазды ұмытпау, оған деген риязыз құрмет байқалады.

Дүкені ше? Ол – бөлек әңгіме.

«Қорықсаң – от жақ, қарның ашса – от жақ, тоңсаң – от жақ». Бұл халық мақалын алғаш осы Талғат ұстадан естідім. Үш нәрсеге ұзақ қарауға болады, соның бірі – жанған отқа… Көріктің ырғағымен өз бабында жанып жатқан отқа көз алмай қарап қалған маған ұстаның осы бір сөзі ерекше әсер етті. Рас, ә?! Бір уақыт грек мифологиясындағы Олимптен адамзатқа от ұрлап әкелген Прометей елестеп, тағы бірде адамзаттың от қасиетін түсініп, тұрмыста қолдана бастағаны көз алдыма келмесі бар ма?

От дүкенде жағылады. Темір ұстасы отпен жұмыс жасайды. От бар жерде кие бар. Киесі бар жердің ұста деген иесі бар. Киесі бар жерге халық та әуес. Киелі жердің иесін де халық киелі санаған. Ұсталардың дені бақсы, емші, сынықшы келетіні сондықтан. Құпияның бәрі отта жатыр. Тігінші, тоқымашы, етікші, ағаш ұстасында ондай қасиеттер болмаған. Тек отпен жұмыс жасайтын ұсталар мен зергерлерде ғана бір тылсым күш барын халық жақсы білген. Талғат ұста өз бойынан тылсымды байқамайды. Дегенмен, ЮНЕСКО-ның Қазақстандағы өкілдерінің бірі – ғалым, профессор Жанерке Шайгозова Талғат Ыдырысовпен кездесу барысында уақыты келгенде ұстаның бойында бір күштің пайда болатынын айтып кетті. Уақыттың еншісінде…

Дүкен іші жарық, терезелері үлкен. Іші тап-тұйнақтай. Қақ ортасында томарға орналастырылған үлкен қара төс, томарды дөңгелей ілінген құрал-саймандар, төрде қара былғарымен қапталған ұстаның өзі жасаған көрігі мен пеші, қабырғаны бойлай керек-жарағы рет-ретімен орналасқан сөрелер. Көзің тояды. Талғат ұстаның жұқа ағашты июге арнайы өзі ойлап шығарған тоқпен жұмыс жасайтын құралы да дүкеннің оң жағында орналасқан.

«Қолың ұста болсын, сөзің қысқа болсын» демекші, Талғат ұста көп сөзге жоқ нағыз істің адамы екен. Барынша сабырлы, көзі ойлы, болмысы бөлек, ішкі өзегі мықты азамат. Темірдің бабын қалай тапса, адамның көңілін дәл солай табады. Жасық темірдің суын қалай дәл тапса, өзі де солай өз кәсібінде тасқа салсаң қайтпайтын шарболаттай шынығып келе жатқанын байқау қиын емес. Дүкен ұстаушылар азайып бара жатыр. Ежелден келе жатқан өнерді өлтірмей, сабақтастырып келе жатқан Талғат ұстаға ризашылығымды білдіріп, шығармашылық шабыт, толағай табыс, отбасына амандық тілеймін.

Әйгерім БЕККУЛИЕВА

Қызылорда облыстық музейінің бөлім меңгерушісі

Ұсталық өнерді жаңғыртқан

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<