Ұстаз – аналар құрметке бөленді

325

0

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық-музыкалық драма театрында «Анаға тағзым, Анаға құрмет!» атты мерекелік жиын өтті.

Салтанатты кеште облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов құттықтау сөз сөйлеп, ағарту саласында абыройлы қызмет еткен ардагер ұстаз, ардақты аналарға, аяулы аруларға ыстық ықыласын білдірді.

– Өміріміздің мәні де, мағынасы да, бала жүрегінің тілегі де, бағбаны да – Ана. Дана халқымызда «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген тамаша сөз бар. Сондықтан осынау ғажап мерекеде ардақты да аяулы жандарға көңіл сарайындағы бар ізгі ілтипатымызды, ықыласымызды риясыз жеткіземіз. Қашан да аруларға, аналарға деген құрметіміз шексіз. Бүгінде аймақтың білім саласында 69782 қызметкер болса, оның 49553-і, яғни, 70 пайызы арулар, аналар. Демек мемлекеттің қалыптасуында, елдің дамуында ерлермен қатар ардақты ана, ару қыздарымыздың ерекше еңбегі бар, – деді А.Есжанов. Басқарма басшысы аналарға деген құрметін ақын М.Сатыбалдиевтің жыр жолдарымен жеткізіп, әріптестерінің зор қошеметіне бөленді.

Мерекеде аймақтың білім саласында айрықша еңбегімен абыройлы із қалдырған ардагер ұстаздар ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Алғысымен, сондай-ақ  еңбекте табысты ұстаздар мен сала қызметкерлеріне облыс әкімінің құттықтауы табысталды. Бұдан бөлек, бірқатар ұстаздарға «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, облыс әкімінің бірінші орынбасарының Алғысы, облыстық білім басқармасы мен облыстық кәсіподақ комитетінің бірлескен Құрмет грамотасы табысталды.

«Анаға тағзым, Анаға құрмет!» атты салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<