Ұстаз есімі ұлықталды

1040

0

Биыл елге белгілі ғалым, техника ғылымдарының докторы, академик, жақ­сылыққа жаны құмар, адалдықты, әділ­дікті өміріне тірек еткен Серғазы Жиен­құловтың туғанына 90 жыл толды.

ҚР Ұлттық машина жасау және көлік ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Серғазы Жиенқұловтың есімі жадымыздан мәңгі өшпек емес. Себебі, ғалымның қарапайым да бекзат, білімді де білікті, мәдениетті де зерделі ұстаз қалпын Қазақстанның зиялы қауымы түгел танып, құрметтейді.

Ол 1933 жылы 29 қазанда Алматы қаласында атақты көпес Байбұланның отбасында дүниеге келген. Бұрынғы өткен бабалар азаматтың бағасын бергенде текті жерден шыққан деп жайдан-жай айтпаса керек. Оның арғы аталары – бір жағы әйгілі Құнанбаймен, екінші жағы Тезек төремен құдандалы игі жақсылар. Алматының сауда тарихын әйгілейтін «Қызыл таң» дүкенін Серғазы Ахметұлының аталары мен Д.Қонаевтың әкесі қатар ұстаған. Ал енді өнер тарихына келсек, біртуар Шара Жиенқұлова – Серғазы Ахметұлының немере әпкесі. Әкесі Ахмет-Сұлтан Бай­бұланұлы – Ұлы Отан соғысының ардагері. Анасы Сатиш Жақсыбаева ұзақ жылдар Алматы қаласындағы кітапханада қызмет атқарды.

Серғазы Ахметұлының әрдайым үлгі тұтып, өнеге алған адамы атасы Байбұлан еді. Байбұлан Жиенқұлов – қазақтың ал­ғашқы кәсіпкер-көпесі болған елге сыйлы азамат. Оның он үш баласы болған. Тағдырдың тауқыметімен төртеуі ғана тірі қалады. Олар – Мұхамет-Сұлтан, Ахмет-Сұлтан және Міржақып деген ұлдары мен Зейнеш атты қызы еді.

Серғазы Ахметұлы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, КСРО ХШЖК күміс медалімен, «КСРО жоғары білім саласындағы жұ­мыс­тарда жеткен үздік табыстары үшін», «КСРО өнертапқышы» белгілерімен, ҚР Білім министрлігінің, КСРО Министр­лер кеңесінің, БЛКЖО ОК Құрмет грамота­ларымен, КСРО Жол қатынастары ми­нистрлігінің сыйлығымен, «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Астанаға 10 жыл» медалімен, ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге, ағартушылыққа арнаған ғалым-ұстаздың тәлімі мол, өнегелі ғұмыры өзгелерге үлгі.

Оның есімі Байқоңыр өңірінде тех­никалық маман болып шығатын жас­тар өмірімен де тығыз байланыс­ты. Ғарышкерлер қаласы атанған Бай­­қо­ңыр­дағы Қазақстан стандартымен білім бе­ретін, бүгінгі заман талабына сай техник-механик, техник-технолог, құрылыс технигі, құрылыс әрлеу жұмыстарының шебері, тігінші, байланыс технигі, турист агенті, турист нұсқаушы, автокөлік слесарі, автокөлік шебері және экономист-бухгалтер, заңгер-кеңесші се­кілді мамандар даярлайтын бірден-бір оқу орны – академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжі.

Ол ашқан білім ордаларының қа­тарында осы білім беру мекемесі де бар. Алматы қаласындағы Қазақстан-Ресей халықаралық университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, про­фессор, ҚР Ұлттық машина жасау және көлік ғылым академиясының, Ресей халықаралық көлік академиясының ака­демигі, ғалым, өз елінің патриоты Байқоңыр қаласында ең алғаш қа­зақ­стан­дық университеттің филиалын ашқан болатын.

2004 жылы академиктің басшылығы­мен осы университет базасында Байқо­ңыр «Космос» колледжі ашылып, 2016 жылдың 5 шілдесіндегі бұйрық негізінде академик С.Жиенқұлов атындағы Бай­қоңыр жоғары колледжі болған еді.

Жуырда мұнда «Серғазы Ахметұлы Жиенқұлов 90 жаста» атты онкүндік іс- шара өткізілді. Онкүндікте тұлға болмысы толық ашылды.

Иә, Серғазы Ахметұлындай ұстаздық биікке көтерілген жанның үлгісі шәкірт­тері мен жастар үшін өнеге болып қалатыны сөзсіз.

Қымбат БЕРДЕШ.

Байқоңыр қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<