Ұстаздан жеткен ұлы өнер

1295

0

А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде ұстаз-хореограф, ҚР Мәдениет қайраткері Төребек Бақтыбаевтың «Ұстаздан жеткен ұлы өнер» атты шығармашылық кеші өтті.

Оған Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейілов, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жағыпар Тәжмаханов және Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің директоры Ұлжан Байбосынова қатысты.

Тағылымды кеште Ж.Сейілов құттықтау сөз сөйлеп, қала әкімінің Алғыс хатын табыстады.

– Сыр өнері дарынды тұлғаларға кенде болған емес. Соның ішінде шоқтығы биік бір тармағы ол – би өнері. Бұл салада сіз салған сара жол ізіңізді басып, жолыңызды жалғап келе жатқан шәкірттеріңіз үшін өте құнды. Бекзат өнердің қыр-сырына қанығып, өзіңізден кейінгі өнерлі жастарды тәрбиелеу жолында аянбай тер төгіп келесіз. Өнерлі шәкірттеріңіз көбейе берсін. Халықтың ықыласына бөленіп жүре беріңіз, – деді ол.

Кеш  кейіпкерінің шығармашылық жолына тоқталар болсақ, сахна десе дүбірге құлақ тіккен тұлпардай бір орында тұра алмайтын талант иесі жас кезінде-ақ қазақ би өнерінің падишасы Шара Жиенқұлованың шәкірті атанып, бекзат өнерге бейімделеді. Атақты бишіден тәлім ала жүріп, халықаралық, республикалық байқауларда жүлдегерлер қатарынан көрінген.

Ұстаздан жеткен ұлы өнер

Ол Алматы қаласындағы Селезнев атындағы хореография училищесін тәмамдап, «Сыр  сұлуы» халықтық ән-би ансамблінің балетмейстері  қызметін  атқарады. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Хореография» факультетін тәмамдаған. 1995 жылдан бастап Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің «Би өнері» бөлімінде оқытушы. Бүгінде Төребек Бақтыбаевтың түлектері мемлекеттік «Гүлдер», «Салтанат», «Алтынай», «Наз» облыстық «Сыр сұлуы», «Томирис», «Дидар»,  «Бұраң бел» би ансамбльдерінде өнер көрсетіп, биік шыңдарды бағындырып келеді.

Төребек Шәленұлы – облыстық, қалалық іс-шараларға белсене араласып, облыс мәдениетін көтеруге  атсалысып жүрген өнер майталманы. 2002  жылы ҚР Мәдениет қайраткері төсбелгісімен марапатталған. «Қазақ биі – ұлт болашағы» атты еңбегі жарық көрген.

Ол «ҚР Білім  беру  ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері. Шәкірттері халықаралық, республикалық, конкурстарға қатысып жүлделі орындарға ие болып жүр.

Ұстаздан жеткен ұлы өнер

Кеш барысында өнер иесі туралы арнайы қойылым көрсетіліп, би өнеріне қосқан елеулі еңбектері жайлы мол мағлұматтар берілді. Сондай-ақ, облысқа белгілі би ансамбльдері кештің көркін қыздырып, түрлі жанрдағы билерді көрермен назарына ұсынды.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<