Ұстаздар күні мерекесі ресми түрде бекітілді

550

0

Сурет ашық дереккөз

Биыл алғаш рет Ұстаздар күні 5 қазанға бекітілді, деп хабарлады turkystan.kz.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бұл күн Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілген. Мереке ең асыл, жауапты әрі маңызды мамандық өкілдерін біріктіреді.

Бұл күні елордада Педагогтердің республикалық съезі өтеді. Оған еліміздің барлық аймағынан 700-ге жуық ұстаз қатысады. Кездесу алаңында педагогтер ең озық және халықаралық тәжірибелерін бөлісе алады.

Айта кетсек, бүгінде Қазақстанның білім беру саласында 500 мыңға жуық мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру педагогі жұмыс істейді. Мемлекет басшысының қолдауымен 2019 жылы маңызды мәселелердің бірі – педагог мамандығына ерекше мәртебе беру туралы шешім қабылданды.

Төрт жыл ішінде педагогтердің жалақысы 2 есе өскен. 220 мыңға жуық мұғалімге тағайындалған санаттарына қарай 50 пайызға дейін үстемеақы төленіп жатыр. Өндірістен қабылданған техникалық және кәсіптік білім беру педагогтері жалақысына 35 пайызға дейін қосымша ақы алады. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап 97 мың мұғалімнің жалақысы тағы 30 пайыз өсті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<