Ұстаздарға құрмет көрсетілді

352

0

Қазан айының алғашқы жексенбісі – ұстаздардың төл мерекесі. Шәкірттерінің жүрегінен орын алып, адам жанының бағбаны болатын аяулы ұстаздар – зор құрметке ие. Саналы ғұмырын білім саласына арнап, шәкірттерін білім шыңына бастаған озық ойлы ұстаздарды айтулы мерекеге орай Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті №60 мекемесінің бастығы Мақсұт Өтетлеуов пен тәрбие бөлімінің бастығы Мағжан Әбдімажитов, сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің қызметкері Толқынай Тлеубекова мекемеде жазасын өтеп жатқан азаматтарға білім беретін кешкі мектеп пен колледж мұғалімдерін құттықтап, мерекелік алғыс хат табыстады. Құттықтау барысында мекеме бастығы ұстаздарға ізгі тілегін жеткізді.

«Дана халқымыз “Қарымды ұстазы мен тағылымды ұланы тең елдің бағы да баянды”, – дейді. Халық айтса, қалт айтпайды. Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында алда талай Елін сүйетін, білімді азаматтар ортаға қосыларына кәміл сенеміз.

Қоғам мен адамзат алдындағы өлшеусіз еңбектеріңізді ескере отырып, Сіздерге өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі өрелі жұмыстар және мемлекеттің гүлденуі жолындағы абыройлы істеріңізге толымды табыс тілеймін. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін ұстаздық жолдарыңыз тек өрлеу мен өсуге бастасын»,- деді мекеме бастығы Мақсұт Өтетлеуов.

Мерекеде құрметке бөленген ұстаздардың көңіл-күйі көтеріп, еңбектерінің еленгеніне ризашылықтарын білдірді.

Адина Ұзақбай

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<