Вагон зауыты іске қосылады

378

0

Көлік кешенінің жетекші тармағы жолаушыларды алыс-жақынға тасымалдайтын облыстың теміржол саласында вагон шығаратын зауыт іске қосылады. Ірі өндірістік алаңда жолаушылар тасымалдайтын вагондар заман талабына сай жабдықталып шығарылмақ. Мұны жүзеге асыратын  «Марал Нұр» ЖШС. Инвестициялық жоба барысымен ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр өңірге сапарында танысқан болатын.

«Назардағы нысан» басына арнайы барған едік.

Мекеме 2005 жылы құрылып, техникалық жөндеумен айналысты. 2008 жылдан бастап жолаушылар тасымалдап келеді. Ең бірінші болып өзге өңірлерге маршурт ұйымдастырды, 20 жылдан астам тәжірибесі бар мекеме үш бағытта жолаушылар тасымалдайды. «Қызылорда-Павлодар», «Жезқазған-Астана» және «Қарағанды-Қаражол» бағыты. Қазір онда 250-ден астам адам еңбек етеді.

Серіктестік директорының кеңесшісі Әбдімәулен Әлішов жоба туралы кеңінен әңгіме қозғады.

– Теміржол саласында 45 жыл еңбек етіп келемін, ал «Марал Нұр» ЖШС-на келгелі 15 жыл. Қазақстан бойынша жолаушылар вагондарын жөндейтін мекемелердің барлығы мемлекет тарапынан қолдауға ие. Себебі,  жөндеу, тасымалдау жұмыстарына мемлекет көмектесіп отырады. Жолаушылар алған билеттен түскен қаржы шығындардың орнын толтыра алмайды. Бұрын елімізде вагон жөндейтін санаулы зауыт болатын, олар да уақыт өте келе жабылып қалды. Кейіннен ашылып, жекенің қолына өтті.

Қазіргі кезде жыл сайын қысы-жазы жолаушыларды діттеген жеріне жеткізу үшін 3000 вагон қажет. Жолаушылар вагонын жөндеу, талапқа сай қайта жабдықтаудың мерзімі бар. Жүру шақырымына байланысты белгілі бір уақытта вагондар тексеріліп, жөнделуі керек. Осы кезге дейін вагондарымызды Ташкентте, жеке және өзге де мекемелерге жөндетіп келдік. Бұл тиімсіз болды, жөндеу жұмыстары көңілден шыға бермейді. Содан неге өзіміз осы вагон жөндеу, шығару ісін қолға алмасқа деген ой келді, – дейді ол.

Қазір халық сапаны талап етеді, басқа елдердегімен  салыстырып қарайды. Вагондардың жолаушылар үшін қызметі, қолжетімдігіліне мән береді. Дамыған елдердің транспорт саласын қадағалап отырады.

– Жолаушылар пойызға мінгенде тазалығына, сапасына қарайды. Әсіресе жастар жағы интернет арқылы бәрін бақылап отырады. Сондықтан әр вагонда жүйе бар. «WhatsApp» желісі арқылы жолаушылар өздерінің уәждерін айта алады. Мәселен, қолжуғыш, желдеткіш, жылудан  мәселелер болса, желі арқылы хат жолдай алады. Осылайша шешімін табуға мүмкіндік қарастырылған. Бұған кез келген жолаушы құқылы. Жолаушылардың 60-75 пайызы өз пікірлерін білдіріп отырады. Осы ескертулер белгіленген нормадан асып кетсе, беріліп жатқан субцидияны қысқартып тастай алады. Сондықтан тұтынушы талабы бірінші ескеріледі, – деп толықтырды кеңесші.

Сонымен серіктестік «Жолаушылар вагондарын жөндеу, техникалық қызмет көрсету кешені және вагон құрастыру зауытының» жобасын іске асыруда.

Директор кеңесшісінің айтуынша, 15,4 млрд теңге инвестиция салынған жоба екі кезеңде жүзеге асады. Бірінші кезеңде жылына 560 жолаушылар вагонын ағымдағы жөндеу, 180 вагонға депо жөндеу кешені жоспарланған. Құрылыстың ішкі жұмыстары жалғасын табуда. Құрал-жабдықтар Ресейден жеткізілген. Бұдан бөлек, жобаны «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ  2,2 млрд теңгеге қаржыландырып отыр.

Екінші кезеңде жаңа технологияларды пайдаланып, вагон құрастыратын өндіріс құрылады. Ол – жылына 30-40 вагон шығаратын «Қызылорда вагон құрастыру зауыты». Дайындық жұмыстары осы жылдың екінші жартыжылдығында басталады. Ресейден және ҚХР-дан жабдықтар сатып алуға қажетті 8 млрд теңге «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы қарастырылуда екен.

Тәжірибе жинақтау мақсатында мекеме мамандары ресейлік әріптестерімен бірігіп, Ташкент қаласындағы вагон шығаратын зауытта болып, стандартқа сай 17 вагон шығарды. Оның ішінде пласкарт, купе және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған купе де бар.  Вагондар талапқа сай жабдықталды. Мамандар тәжірибе алмаса отырып, шыңдалды. Одан әрі Беларусьтің Минск қаласында осындай зауытта болып, ол жақта да стандартқа сай екі вагон шығарды.

– Біз тұрған мына жер 2019 жылы ой болатын. Оны тегістеп, ретке келтірдік. Құрылысын бітірдік. Келешекте қанша шақырым жол жүріп, қала мен қала арасын жалғап, жолаушыларды тасымалдаған вагондар осында келеді. Дөңгелегінен бастап тозған бөлігінің бәрі де арнайы 9 пункттен тұратын тексерістен өтеді. Жөнделеді, келесі рейске дайындалады. Жай жөндеуден бастап күрделі жөндеудің бәрі де жүзеге асады. Жылына 500 вагон жөндеу жоспарда бар. Бастысы, вагон жөндеуге барлық мүмкіндік жасалады. Заманауи техника да жеткілікті.

Екінші кезең вагон құрастыру. Әрбір жобаның басында кадр мәселесі маңызды. Бұрынғы мамандар қазір жоқ. Біздің ұтатынымыз, қасымызда екі депо тұр. Соның мамандарымен қоса, жастарды да қосымша оқытып, қайта даярлаймыз. Тағы бір ерекшелігі, 7 аудан да теміржолдың бойында орналасқан. Сондықтан бұл сала бізге таңсық емес. Тәжірибемізді кейінгі буынға үйретерміз, олардың талабы қуантады,– дейді ол.

Сондай жастардың бірі – Мұса Құлмағанбет. Ол «Марал Нұр» ЖШС мекемесіне 2019 жылы жұмысқа қабылданған. Жолсеріктен бастап бірқатар қызмет атқарған. Қазір бір жылдың көлемі болған, депода инженер. Білікті мамандардың арқасында тәжірибе жинап жатқанын алға тартты.

Көп ұзамай Қызылордадан шыққан жаңа вагондар жолаушыны тиісті жеріне жеткізеді. Бұл қуанышты жаңалықты да бөлісетін күн алыс емес.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»