Қызылша ауа-тамшы жолымен жұғатын жедел жұқпалы вирусты ауру. Бұл аурумен барлық жастағылар, көбінесе балалар жиі ауырғанымен оларға жаппай екпе жасалып жатқандықтан, соңғы кезде ересектер арасында аурушаңдық көптеп кездесуде.
Қызылша жедел басталады, жалпы жағдайы нашарлауымен дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріледі. Әлсізденіп, тамаққа тәбеті нашарлап, мұрнынан су ағып, ащы жөтел пайда болады, көзі қызарып қабынады. Таңдайда бөртпелер пайда болады. Екі ұртта қызылшаға тән майда ақшыл бөртпелер кілегей қабығының үстінде ерекшеленіп тұрады. Бірінші күні бөртпе бетте, мойында, екінші күні денеде, қол, сан терілерінде, үшінші күні балтыр, аяқтарда шығады, ол күні беттегі бөртпелер бозарады. Көлемі 2мм болып, кейде бірнешеуі бірігеді, дегенмен әрбір бөртпе арасында таза тері көрініп тұрады. 4-5 күнде бөртпелер бозарып, орны қоңырланып,жұқа қабыршықтар қалады.
Көз қызарып қабынады, таңертең көзді ашу қиындайды. Мойында, қолтық бездері үлкейіп, ұстағанда ауырсынады. Кейде өкпеде сырыл естілуі, кейбір науқастарда іші ауырып, аздап өтуі мүмкін.
Қызылша ауруы түрлі асқынуларымен қауіпті. Тыныс алу (бронхит, ларингит, пневмония, плеврит), есту (отит, мастоидит), орталық жүйке (энцефалит, менингоэнцефалит, жедел склероздаушы панэнцефалит), көру (кератоконьюктивит), ас қорыту (колит, энтерит), зәр шығаруға қатысты кеселдерді асқындыруы (гломерулонефрит, цистит, пиелонефрит) мүмкін.
Алдын алудың, қорғанудың тиімді жалғыз әдісі – вакциналау. Екпе кестесі бойынша балаларға қызылшаға қарсы екпе 12 айында, ал ревакцинация 6 жасында жасалады.
Егер балаңыз немесе өзіңіз сырқаттанып қалған жағдайда медициналық көмекке жедел түрде жүгініңіз, емханаға өзіңіз бармай дәрігерді үйге шақыртыңыз.
Дәрігер келем дегенше отбасы мүшелерімен қарым-қатынасты шектеңіз, жөтеліп немесе түшкіргенде аузы-мұрныңызды қол орамалмен немесе бір реттік сулықпен жабыңыз.
Қолыңызды жиі сабындап жуып отыру қажет, тыныс алу мүшелерін қорғайтын бет перде тағып жүріңіз.
Жансая ИСЛАМБЕК,
№1 қалалаық емхана СӨСҚ мейіргері.
Қызылорда қаласы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<