Қазір – вирустық инфекциялардың өршитін мезгілі. Әсіресе, ЖРВИ, тұмау сияқты инфекциялар көп кездеседі. Жалпы эпидемиологиялық маусым күзде басталып, көктемге дейін созылады. Аурудың өршу кезеңі қысқа, яғни қаңтар, ақпан айларына сәйкес келеді.
Тұмау – жыл сайын көптеген елдерде эпидемиялық сипатта таралатын жаһандық инфекция. Қазақстанда әлемнің басқа елдеріндегідей тұмау және ЖРВИ денсаулық сақтаудың өзекті мәселелерінің бірі.
Облыс бойынша 2022-2023 жылғы эпидмаусымда жіті респираторлы-вирусты инфекцияны жұқтырудың 17396 жағдайы есепке алынды. Ауруға шалдыққандардың 65,8 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар, оның ішінде 13,3 пайызы 1 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелді. Ауруханаға жатқызу көрсеткіші 15 пайызды құрады, оның ішінде 17 пайызы – жүкті әйелдер, 23 пайызы – 1 жасқа дейінгі балалар.
2022-2023 жылғы эпидмаусымда жалпы облыс бойынша ЖРВИ-мен сырқаттанған 2098 науқастың сынамасы ПЦР әдісімен тексерілді. Нәтижесінде зертханалық жолмен 354 жағдай нақтыланды. Басым бөлігі, яғни 74,4 пайызы облыс орталығында тіркелді. Анықталған 354 тұмау вирусының 75 пайызы В штамына сәйкес келсе, қалған 25 пайызы А (H1N2) түрінің үлесінде.
Тұмау емес вирусты анықтау үшін 1805 сынама зерттеліп, нәтижесінде 17 тұмау емес вирус анықталды, оның ішінде басым көпшілігі – аденовирус түрі.
– Өткен жылмен салыстырғанда жедел респираторлы-вирусты инфекцияны жұқтыру көрсеткіші облыс бойынша 18 пайызға артқан. Эпидемиологиялық ахуал тек біздің облыста ғана емес, жалпы республика бойынша, тіпті әлем бойынша тұрақсыз. Бұл ауру ауа тамшылары арқылы таралатындықтан, халықаралық, облысаралық, қалааралық миграция осы вирустың тасымалдануына, таралуына әсер етеді. Оның үстіне ауа райының тұрақсыз болуы, біресе суып, біресе жылып тұрған қолайсыз жағдайы да ЖРВИ, тұмау ауруларының бас көтеруіне алып келеді, – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.
Осы орайда мамандар тұмау ауруының алдын алудағы ең тиімді әдіс вакциналау екенін айтады. Иммундау науқаны жыл сайын күзде басталады.
– Екпе аурудың ауыр түрлерін, ауруханаға түсу жағдайын, өлім-жітімді төмендетеді, тұмауды жұқтырып алу қаупін сейілтеді, жалпы эпидемиологиялық ахуалды тұрақты ұстап тұруға өз септігін тигізеді. Вакцина қауіпсіз. Кейбір адамдарда екпе жасаған жерде қызару және ауырсыну, бас және бұлшық ет ауыруы, аз ғана дене қызуы, әлсіздік және жүрек айнуы сияқты жанама әсерлері болуы мүмкін. Бұл әсерлер тез жойылады, – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Әлия Ыдырысова.
Тұмаудың алдын алу үшін Үкімет қаулысына сәйкес 85000 доза вакцина сатып алынған. Екпе емханаларда жүргізілді, 82676 азаматқа тұмауға қарсы вакцина салынды, оның ішінде балалар саны – 20181, ересектер – 62495. Барлық егілгендердің ішінде 3044-і – жүкті әйел, 19272-сі – созылмалы аурулары бар мектеп оқушысы, 10720-сы – медицина қызметкері, 140-ы – қарттар үйінің контингенті. Жұмыс берушілер тарапынан 14792 жұмысшы егілді. Жалпы облыс бойынша 2022-2023 жылғы эпидмаусымда 97468 азамат тұмауға қарсы егіліп, облыс тұрғындарының 11,5 пайызын құраған.
– Бұл ауру жас талғамайды. Ересектер де, балалар да, қарт кісілер де, тіпті, жаңа туған нәрестелер де шалдығып жатады. Байқасаңыз, халықтың көп шоғырланған жерлерінде ауа тамшыларымен таралатын ауруларды жұқтырып алу қаупі жоғары. Сондықтан ауру өршіп тұрған маусымда көпшілік орындарға баруды шектеу қажет, ол мүмкін болмаған жағдайда маска киіп, арақашықтықты сақтап, антисептикті пайдалануды, қолды сабындап жууды ұсынамыз. Үй-жайларды желдетіп, ылғалды тазалық жұмыстарын да ұмытпаған абзал. Өзіңізден немесе жақыныңыздан ЖРВИ, тұмау белгілерін байқасаңыз, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет. Өз бетімен емделу ауруды асқындыруы мүмкін. Бұл кесел асқынса, қауіпті. Тұмаудың ең жиі кездесетін асқынуы – пневмония. Басқа да жиі кездесетін асқынулар – бронхит, синусит, отит, миозит, миокардит. Сондай-ақ, тұмау 2 жасқа дейінгі балалар, созылмалы ауруы бар науқастар және қарттарда өтуі мүмкін, жүкті әйелдер үшін де қауіпті, – дейді мамандар.
Демек, қазір тұмауға салғырт қарайтын кез емес. Бір ғана вирус адам бойындағы бірнеше ауруды қозғауы мүмкін екенін мамандар айтып отыр. Сондықтан ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеп, сақтанып жүрген жөн.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<